Куба Мадуроның 32 қорғаушысының қазасына байланысты аза тұту күнін жариялады
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындау операциясы кезінде бірнеше кубалық қауіпсіздік қызметкерінің қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
- Кеше көптеген кубалық қаза тапты, - деді Трамп Air Force One бортында тілшілерге.
Куба билігі 32 адамның қаза тапқанын хабарлады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, елде 5 және 6 қаңтар аза тұту күні деп жарияланды.
Сенбі күні АҚШ Венесуэлаға қарсы операция бастап, президент Николас Мадуро мен оның әйелін тұтқындады. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның әйелі кемемен Нью-Йоркке жеткізілетінін жариялады.
Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске есірткі терроризмін ұйымдастырды, кокаин импорттады және АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғылар сақтау ісін ұйымдастырды деген айып тағылды. Олар жақын арада сот алдында жауап береді, деп хабарлады АҚШ Бас прокуроры Пэм Бонди.
3 қаңтарда Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан Венесуэладағы операция және Латын Америкасы елінің болашағы туралы сөйлеген сөзінде Трамп өтпелі кезең аяқталғанға дейін АҚШ елді өзі басқаратынын мәлімдеді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы және бірнеше елдің билігі АҚШ-тың Латын Америкасы еліне жасаған ауқымды шабуылынан кейін Венесуэладағы жағдайға алаңдаушылық білдірген болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дүйсенбіде Венесуэла бойынша төтенше отырыс өткізеді.