Кубада шетел валютасының еркін айналымы енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Куба билігі экономиканы тұрақтандыру және куба песосының айырбас қабілетін қалпына келтіру мақсатында шетел валютасын еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдады, деп жазды АЗЕРТАДЖ.
Қазіргі уақытта Кубада доллардың ресми бекітілген бағамы заңды тұлғалар үшін 24 песо, ал жеке тұлғалар үшін банктерде қолма-қол ақша айырбастау кезінде 120 песо деңгейінде белгіленген. Алайда 18 желтоқсаннан бастап Куба Орталық банкі шетел валютасына деген сұраныс пен ұсынысқа негізделген еркін айырбас бағамын күн сайын жариялап отыратын болады.
Агенттік мәліметінше, бұл шешім ресми айырбас бағамы мен нарықтағы нақты құн арасындағы айқын айырмашылықтың бар болуына байланысты қабылданған. Аталған алшақтық елдегі шетел валютасының тапшылығын көрсетеді. Қазіргі кезде доллардың «қара нарықтағы» бағамы 400 песодан асып кеткен.
Билік өкілдерінің айтуынша, енгізіліп отырған шаралардың басты мақсаты — валюталық нарыққа шетел валютасының келуін ынталандыру. Бұл өз кезегінде нарықтың қаржыландырылуын қамтамасыз етіп, бейресми валюталық айналымның үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жыл басында АҚШ Кубаны терроризмді демеуші мемлекеттер тізімінен шығарған болатын.