Құбырдағы ақау: Майқайың кентіне бүгін кешке су беріле бастайды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Коммуналдық қызметтер жергілікті атқарушы билік органдармен бірлесіп құбырларды жібіту жұмыстарын аяқтады. Қазіргі сәтте желілерді қысыммен тексеру жүріп жатыр.

құбыр
Фото: Анастасия Дроняк

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин құбырдағы ақауды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын екені туралы хабарлады.

«Бүгін таңертең сағат 07.30-да жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мекемелермен бірге құбырларды қыздыру, жібіту жұмыстарын аяқтады. „Екібастұз қалалық су арнасы“ стансадан 274-ші пикетке дейінгі желі бойын қайталай тексеріп өтеді. Қазіргі уақытта құбыр суға толтырылып, қысыммен тексеру жүргізілуде. Жақын уақытта „Богатыр-Көмір“ АҚ-на су бұратын жапқышты ашады», — деп мәлімдеді әкім.

Құбырлар толтырылып болған соң кешкілік Майқайың кентіне су толыққанды жіберіле бастауы мүмкін.

Еске сала кетейік, 21 ақпан күні Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылған еді.