Құбырдағы ақау: «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры мән-жайды түсіндірді

су
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Майқайың кентінің тұрғындары күніне 1 мың текше метр ауызсу тұтынып келген. Қазір қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды.

Кенттегі ауызсу құбырына «Майқайыңалтын» АҚ жауапты. Кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботинның айтуынша, Екібастұз қаласынан үлкен құбыр арқылы ағып келетін ауызсу қазір мүлде жоғалып кеткен.

«Апат құбырдың Екібастұз қаласы аумағында болып отыр. Жалпы судың құбырдағы ақаудан ысырап болуы 19 ақпаннан бері байқалған. Негізгі ақау орны кеше ғана табылған тәрізді. Бүгін түнде оқиға орнына барып, кәсіпорынның мамандары мен техникаларын көмекке жұмылдырдық. Қазір кентте ауызсу бойынша біраз шектеулер енгізілді», - деп хабарлады кәсіпорын басшысы.

Үйлерде су қысымы төмендеп кеткен. Қ.Ботинның айтуынша, бүгін таңертеңннен кенттегі ауызсу тұтынушыларына ауызсуды тұрақты жеткізу үшін су таситын машиналар жұмылдырыла бастады. Кентке жақын жерде скважина бар, жетпеген суды сол жерден алады. Жергілікті жеке тұтынушылар тәулігіне шамамен 1 мың текше метр, кентті жылумен қамтып тұрған қазандық 200-200 текше метр су тұтынады.

«Өзге жергілікті кәсіпорындар суды аса көп тұтына қоймайды. Біз «Майқайыңалтын» АҚ бойынша суды мейлінше аз пайдалануға тапсырма бердік. Жағдай тұрақталғанша шектеулер күшінде сақталады», - деді Қ.Ботин.

Еске сала кетейік, Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды. 

Соңғы жаңалықтар