Құбырлардың 87 пайызы тозған: Павлодардағы жылу желілері мекемесі тұрғындарды абай болуға шақырып отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асады. Оның шамамен 87 пайызы тозған. Мамандар жерасты құбырларында нақты қай жерде апат болатынын алдын ала болжау мүмкін емес екенін айтады.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС мәліметінше, 400 шақырым құбырдың бір бөлігі тұтынушылардың балансында болса, кейбірі жылу желілері кәсіпорнына тиесілі. Қазіргі уақытта құбырлардағы судың орташа температурасы шамамен 65 градус болса, қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 110 градусқа дейін жетеді. Осыған байланысты жылу желілерінде апат болған жағдайда тұрғындар үшін қауіп жоғары болуы мүмкін.
Кәсіпорын басшысы Анатолий Моисейдің айтуынша, жерасты құбырларының жағдайын толық бақылау қиын.
— Жылу желілерінің ұзындығы 400 шақырымнан асады. Оның ішінде тұтынушының балансындағы диаметрі 57 миллиметрлік құбырлар да, біздің балансымыздағы диаметрі 57 немесе 102 миллиметрлік құбырлар да бар. Жер астында жатқан барлық құбырды алдын ала бақылау мүмкін емес. Олар күн сайын тексеріп отыратын арнайы арнада жатқан жоқ, — дейді Анатолий Моисей.
Оның айтуынша, тұрғындар жылу желілерінде гидравликалық сынақ жүргізілетін кезеңде ғана емес, күнделікті жүріп-тұру кезінде де сақтық танытуы қажет. Себебі құбырлардың зақымдануы кез келген уақытта болуы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда жылу желісіндегі апат салдарынан ер адам төрт жасар баласымен бірге жер астына құлап кеткен болатын. Оқиға салдарынан 35 жастағы қала тұрғынының денесі 7 пайызы күйіп, жарақат алған.
Оқиғадан кейін «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері зардап шеккен азаматпен кездесіп, өтемақы төлеу жөнінде келісімге келген. Қазіргі уақытта оның кәсіпорынға қатысты шағымы жоқ.
Аталған учаскедегі жылу желісінің зақымдануы қазір толық жойылып, аумақтың абаттандырылуы қалпына келтірілген.