Құбыр ішіне құлап кеткен 2 жасар кентаулық бүлдіршіннің жағдайы ауыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында құбыр ішіне құлап кеткен баланың жағдайы ауыр. Қазір 2 жасар сәби қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентау қалалық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Асылбек Утепбаев дәрігерлердің күндіз-түні қажетті ем-дом жасап жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, оқиға кеше кешкі сағат 19.52 шамасында болған. Ойнап жүрген бүлдіршін есік алдындағы ағын суы бар құбырға құлап кеткен.

Шақыртуға шұғыл жеткен Кентау қалалық 12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері сәбиді су толы құбырдан аман-есен алып шыққан болатын.

Бейнедегі кадрлардан бөлімше командирі, азаматтық корғау аға сержанты Нұрғали Керімбековтің тар құбырдың ішіне кіргенін көруге болады.

Арнайы тартылған арқанмен жағдайды әріптестері бақылап тұрған. Құбыр ішінен шыққан сәбидің жылаған даусы көпшіліктің дегбірін алып жатты.

Ал, шұғыл әрекет еткен құтқарушылар, нәрестені аман алып қалды. Құбырдан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне қолына тапсырды.



Соңғы жаңалықтар