17:52, 28 Қаңтар 2013 | GMT +5
Құбырлардың өткізу қабілетін арттырып көмірсутек шикізатын жеткізудің жаңа бағыттарын айқындау қажет - С. Ахметов
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Көлік инфрақұрылымына, оның ішінде қолданыстағы мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру мен көмірсутектер шикізатының тасымалы бойынша жаңа бағыттарды айқындауды дамытуға баса назар аудару қажет. Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді.

Премьер-Министрдің айтуынша, мұнай және газ саласын жақын және орта мерзімде дамыту перспективасы еліміздегі үш үлкен жобаны жүзеге асырумен тығыз байланысты болмақ. Бұлар - Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. «Аталған жобалардың жиынтық үлестері Қазақстандағы көмірсутектің жалпы өнімінің жартысына жуығын құрайды. Сонымен қатар, бұл жобаларды кеңейту мәселелерін ескере отырып, Мұнай және газ министрлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуы керек. Оның ішінде қолданыстағы жұмыс істеп тұрған мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және ішкі, сыртқы нарыққа көмірсутек шикізаттарын жеткізудің жаңа бағыттарын айқындауға үлкен көңіл бөлу қажет», - деді С.Ахметов.