Күдікті сөмке: Өскемендегі дәмхана аумағын полиция қоршауға алды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында полиция қызметкерлері дәмхана аумағын қоршауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде Назарбаев даңғылындағы «Қазақстан» және «45-ші гастроном» аялдамалары арасында полиция мен өрт сөндіру көліктерінің шоғырланғаны жайлы ақпарат тарап кетті. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұған дәмхана маңында белгісіз біреу қалдырып кеткен сөмке себеп болған.
«21 ақпан күні таңғы сағат 10:00 шамасында полицияға Назарбаев даңғылы, 31а мекенжайы бойынша орналасқан дәмхананың жанында күдікті көк сөмке жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына бірден құқық қорғау органының қызметкерлері келіп жетті. Аумақ толықтай қоршауға алынды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тексеру нәтижесінде, сөмкеден жарылғыш заттар табылған жоқ.