Қуырылған ет иісінен жүрек айнуы – асқазан обырының бір белгісі

Солтүстік Қазақстан облысында асқазан обыры жиі кездесетін онкологиялық аурулардың қатарында. Қазіргі уақытта 332 сырқат диспансерлік есепке алынған. Оның 79-ы биыл ауырып, қазіргі уақытта ем алып жатыр. Асқазан қатерлі ісігінің пайда болуына не себеп, күтіну үшін қандай шараларды қолданған жөн. Kazinform тілшісіне СҚО көпбейінді аурухана онкологиялық орталығының хирург дәрігері Азамат Белбеев айтып берді.

Азамат Белбеев
Фото: СҚО онкологиялық орталығы

- Азамат Қасымұлы, қатерлі ісік ауруларының көпке дейін сыр бермейтіні белгілі, десек те асқазан обырының алғашқы белгілері бар ма?

- Ия, тексерілмеген жағдайда онкологиялық ауруларды тек соңғы сатыларында ғана анықтап жатамыз. Бірақ пациенттермен сөйлесу барысында асқазандағы жайсыздықтың осыдан жарты жыл, кейде тіпті 11 ай бұрын пайда болғанын білеміз. Сырқат дер кезінде дәрігерге көрінбейді, алтын уақытты жоғалтады. Тек ауру жанына батқанда ғана маманның көмегіне жүгінеді. Басылмайтын қыжыл, асқазанда ауырлық, сұйық тағамға ауысу, құсу, салмақ жоғалту, қуырылған ет иісінен жүрек айну – мұның бәрі аурудың алғашқы белгілері. Ал дерт асқынғанда адам күрт салмақ жоғалтады, құрсақ қуысында сұйықтықтың жиналуына байланысты іш көлемі ұлғаяды, үнемі құсады.

- Обырды анықтау үшін қандай диагностикалық әдісті қолданған жөн? Неліктен онкомаркерлер асқазан қатерлі ісігін дұрыс көрсетпейді?

- Асқазан обыры диагнозын қою үшін фиброэзофагогостродуоденоскопия (ФЭГДС) жасау қажет. Соңғы кезде асқазанның бейнесін көрсететін құрылғылар бар. Неліктен зерттеудің толық атауын атап өттім. Бұл зерттеуде біз асқазан-ішек жолдарының бүкіл жоғарғы қабатын тексереміз. Әдетте пациенттер асқазанды қарады деп ойлайды, жоқ, бұл әдісте жұтқыншақ, өңеш, содан кейін ғана асқазан тексеріледі. Онкомаркерлер обырдың алғашқы сатыларында ақпарат бермейді.

Биыл сәуір айында жас әйелге ФГДС жасалды, оған созылмалы гастрит, асқазанда сұйықтық бар деп қорытынды берілді. Науқас та, дәрігерлер де обыр жоқ деп арқаны кеңге салды. 4 айдан кейін сырқатта IV сатыдағы асқазан қатерлі ісігі анықталды. Эндоскопист асқазанда сұйықтық бар екенін атап өтті! Дәрігер науқасты қайта тексеруге жіберуі керек еді, бірақ ол мұны орындамады.

Кейде диагноз қою үшін немесе ол диагнозды жоққа шығару үшін науқасты ФГДС-ке 2-3 рет жіберуге тура келеді. Менің ойымша, эндоскопистерге зор жауапкершілік жүктелген. Сондықтан маман даярлауға барынша қаражат салу керек.

- Асқазан обыры емделе ме?

- Көбіне радикалды әдіс қолданылып, ота жасалады. Бұл – бүкіл асқазанды немесе асқазанның бір бөлігін алып тастау. Өкінішке орай, елімізде асқазан қатерлі ісігі бар 2800 науқас анықталса, соның мыңға жуығына, яғни 1/3 ғана ота жасалады, 2/3 бөлігі әртүрлі режимде химиотерапия алады. Ал жалпы дәрі-дәрмектер бар, емдеу жолы белгілі.

- Асқазан обырының алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

- Біздің мемлекет өңеш пен асқазан обырын ерте анықтау мәселелеріне көп көңіл бөледі. 2012 жылдан бастап біздің облыста пилоттық режимде асқазан мен өңеш қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша скрининг жүргізіліп келеді. Скринингпен 50-60 жас аралығындағы адамдар қамтылады.

Егер асқазанда қандай да бір проблема болса, жылына кемінде 1-2 рет зерттеуден өту қажет. Осыған дейін айтып өткен белгілер болған жағдайда жедел түрде дәрігерге қаралу керек.

Асқазан қатерлі ісігінің алдын алудың негізгі жолы – тамақтану режимін сақтау: ысталған және қатты қуырылған тағамдарды, консервіленген тағамдарды, жануарлардың майларын тұтынуды азайту; алкоголь мен темекі шегуден бас тарту; күнделікті рационда жемістер мен көкөністерді қолдану.

Сондай-ақ асқазан қатерлі ісігінің алдын алғыңыз келсе, асқазан полипозы, созылмалы атрофиялық гастрит секілді арты обырға апаруы мүмкін ауруларды дер кезінде емдету керек.

- Асқазан обырына негізінен кімдер шалдығады?

- Облыстағы статистикаға тоқталсақ, қазір өңірде асқазан обыры диагнозы 332 адамға қойылған. Былтыр 113 адамда, биыл 79 сырқатта жаңадан анықталды. Ауырғандардың шамамен әр үшіншісі – ер адам. Өкінішке қарай, былтыр 55, биыл 41 науқас қайтыс болды.

Жалпы асқазан обырының IV сатысының үлес салмағы – 29%, яғни әр үшінші науқас ауруы асқынған кезде ғана бізге жүгінеді. 60 жастан асқан адамдар жиі шалдығады, сонымен бірге обырды 30 және 40 жасқа дейінгі адамдарда анықтаған жағдайлар бар. Демек, біздің өңірде сырқаттанушылық пен өлім-жітім бойынша жағдай көңіл көншітпейді.

- Рахмет!

Соңғы жаңалықтар