Құқық қорғау органдары қызметкерлері пәтерді өтеусіз жекешелендіре алады – заң жобасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Заңнамалық өзгерістердің бір блогы қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері құрайды. 20 жыл еңбек өтілі бар немесе 10 жыл еңбек өтілі бар және мүгедек баласы бар қызметкерлерге мемлекеттік қордан алған үйді ақысыз жекешелендіруі көзделген», - деді

ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Сонымен қатар ол қызметте жүріп, ауырып қайтыс болғандардың отбасына өтемақы төлеу ұсынылып отырғанын айтты.

«Қайтыс болған қызметкердің отбасын тұрып жатқан үйінен шығаруға тыйым салынатын норма бар. Ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткен бірқатар қызметкердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығы қалпына келтірілмек. Заң жобасында барлық қаражат талап ететін нормалар бойынша республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы бар. Әрине, бюджет шығындарын қажет ететін көптеген мәселе бар. Бірақ олар әзірге оң шешім тапқан жоқ», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдауда жаңа өзгерістер енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында құқық қорғау органдары оқу орындарының кадрлық құрамы нығайтылады.

Мұнымен қоса, атақтарды мерзімінен бұрын беру және кезектен тыс атақтар беру тәртібі өзгереді.

«Көтермелеу ретінде мерзімінен бұрын атақ-шендер беру тәртібі күшеймек. Қазіргі заң бойынша қызметкерлерге көтермелеу арқылы 6 рет атақ-шендер беруге болады. Заң жобасында көтермелеу арқылы атақтарды екі-ақ рет беру ұсынылады», - деді Әсет Шындалиев.


Соңғы жаңалықтар