Құқық қорғау органдарын реформалауға қатысты заң осы салада жаңа стандарттар қалыптастырады

Енді Елбасы оған қол қойып, құжат күшіне енді. Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, құқық қорғау саласын реформалауға қатысты құжатта барлығы 17 заң бар. Олардың барлығы құқық қорғау саласын реформалауды қарастырады және ол барлық құқық қорғау органдарын қамтиды. 17 заңның 6-уын Әділет министрлігі дайындады.
«Бұл негізгі заңдар. Ал өзге заңдар құқық қорғау құрылымын реформалауға бағытталған. Мысалы, ішкі істер саласындағы уақытша оқшаулау, бейімдеу мен сауықтыру орталықтары (ЦВИАРН) мен айықтырғыштар Білім және ғылым министрліктері мен Денсаулық сақтау ведомстволарына беріледі. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Әділет министрлігінің жекелеген қызметтері ішкі істер саласына беріледі. Себебі Ішкі істер министрлігі ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерімен айналысады. Бұған қоса, бұрын қылмыстық жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмыспен қамту және олардың өзге де мәселелерімен Әділет министрлігі айналысып келсе, қазір бұл міндет жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Ал Әділет министрлігінің қарауына Жоғарғы соттың құзырындағы Сот орындаушылар комитеті беріліп отыр. Бұл өзгерістердің барлығы министрліктер мен ведомстволардың салалық заңдарында көрсетілген»,-деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары өте ірі шаралардың бірі деуге болады. Онда құқық қорғау саласы қызметкерлерінің шендері үшін төленетін қаржының белгілі бір деңгейде болуы, яғни оның стандарттарын қалыптастыру, кадр саясаты және құқық қорғау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған. «Бұрын бұл мәселелердің барлығы әр мемлекеттік органда әрқалай еді», -деді Д.Құсдәулетов.