«Құқықтық тәртіп» операциясы кезінде атылатын қалам-тапанша табылды

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары бес күн өткен «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу операциясын қорытындылады. Оның басты мақсаты - жедел жағдайды сауықтыру, қылмыспен күресті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды.
None
None

Аталмыш шараны өткізу уақытында облыста 109 қылмыс тіркеліп, оның 102-сі кезекші тәулік ішінде ашылды. Алдын алу операциясы барысында бұрын жасалған қылмыстарды ашуға баса назар аударылды. Операцияның бес күні ішінде бұрын жасалған 28 қылмыс ашылды, оның ішінде екі тонау және үстіміздегі жылдың сәуір айында жасалған адам өлтіру қылмысы, деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Сәуірдін 4-і күні Булаев қаласында өз үйінің ауласында 1927 жылы туған әйел адамның мүрдесі табылды. Оқиға орнын тексеру барысында тәртіп сақшылары қора ішінде тағы бір мүрдені тапты, ол - 72 жастағы үй иесі болып шықты. Екі адам да көптеген бас жарақаттарынан көз жұмған. Жедел уәкілдер бірден жедел іздестіру шараларына кірісті, аудан орталығы түгелімен тексеріске алынды, қылмысқа байланысты бірнеше болжамдар жасалды. Бірақ зейнеткерлерді өлтірген күдіктіні бірден ұстауға мүмкіндік болмады. Бұл қылмыс қатаң бақылауға алынып, жедел іздестіру шаралары бір күнге де тоқтатылған жоқ. «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында бұл қылмысқа күдікті адам - Булаев қаласының тұрғыны - 47 жастағы әйел адам ұсталды.

Әйел адамның екі бірдей қарт адамды не себептен өлтіргені тергеу барысында анықталады. Қазіргі кезде сезікті қамауға алынды.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында іздеуде жүрген 8 қылмыскер құрықталды, ұрланған екі автокөлік табылды. Есірткіге байланысты 7 қылмыс әшкереленді, оның екі фактісі есірткі сату. Заңсыз айналымнан 50 кг артық әр түрлі есірткі заты тәркіленді. Заңсыз сақтауда жатқан, тіркелмеген 39 қару тәркіленді.

Тамыз айының 26-сы күні Петропавл қаласындағы пәтерлердің бірінде қолдан жасалған оқ қаруы тәркіленді. Тәркіленген қалам тәрізді тапанша сараптаманың қорытындысы бойынша, калибрі 3,5 мм оқпен атуға жарамды болып табылды. Үй иесінің айтуынша, пәтерін жалға алған адамдар үйді босатқасын, ол осы тапанша-қаламды тауып, полицияға хабарлаған. Қазіргі кезде қолдан жасалған қару иесін табуға бағытталған іздестіру шаралары жүргізілуде.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының жетекшісі СҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Мерген Жұмағұловтың айтуынша, операция аяқталғанымен, полиция қызметкерлеріне алдын алу жұмысын белсендете түсу қажет.

Соңғы жаңалықтар