Құл ұстайтындардың мойындарына құрық түсе бермейді
Ескі қоғамның бұрандалары босап, шіри бастаған қақпасы асау уақыттың тегеурініне төтеп бере алмай, айқара ашылғанда ар жағынан адам саудасы, жезөкшелік, қулық пен сұмдық тәрізді ұзақ жылдар бойына елді іштей ірітіп келген кеселдер ақтарылып сала берген. Сол кезде ғана ақыл-есті матаған жалған түсінік ащы шындық пен аттап өте алмайтын ақиқаттың алдына тізерлей жығылып, уақыт шіркін бәрін де мойындаттырған болатын. Басқа-басқа, кешегі күнге дейін үйлерінен таңертең шығып кетіп, қасиетті қара ормандарына оралмай, із-түзсіз жоғалып кететін азаматтар туралы әңгімелердің өзін сырт көзден жасырып, айтқызбай келдік. Қазір де осы бір үрейлі деректің ар жағында адамдарды күштеп, құлдыққа салу, жезөкшелік жасауға мәжбүрлеу сияқты сорақы фактілердің жататындығын мамандарымыз ашып айтпағанымен, адам саудасының ақшаға құмар адамдарды бал арасының маңайына үймелететіндей кіріс көзі екендігін іштей растайды.
Адам құқығын қорғау орталығының таратқан мәліметтері рас болса, жыл сайын әлемде 4 миллионға жуық кісі жұмбақ жағдайда құлдыққа сатылады екен. АҚШ мемлекеттік департаментінің құлдыққа шамамен 700 000 адам тартылып, олар түрлі елдердің шекарасынан әрі қарай асырылып жіберіледі деген дерегі де жаныңды шошытады. Былайша айтқанда, адам саудасы әлемдік беделді ұйымдардың қабылдаған қуатты қаулы-қарар, декларацияларына қарамастан қоғам деген алып ағзаның емі жоқ дертіне айналып отыр. Кезінде ежелгі Мысыр мен Вавилонда, Үндістан мен Қытайда, Грекия мен Рим империясында гүлденіп, кейін қатаң шектеу қойылғаннан кейін ішін тартып, саябырсыған бұл дертті араға ғасырлар салып, қайтадан төбе көрсетеді деп кім ойлаған?
Аса қауіпті құбылыс - адам саудасына қатысты деректерді әріден қозғап отырған себебіміз, өзі¬нің экономикалық өсімі мен географиялық жағынан «тірі тауар» бизнесіне аса қолайлы Қазақстанда да қылмыстың бұл түрінің маңдайына әзірге жел тимей тұрған жағдайы бар. Халықаралық көші-қон ұйымының соңғы 8-9 жыл көлемінде адам саудасының құрбандығына ұшыраған 858 кісінің 763-нің елімізде тіркелгендігін көзге шұқып көрсетуінің өзі де көп нәрсені аңғартатындай. Бәлкім, кейбіреулер біздегі ахуалды адам саудасы жөніндегі «қара» тізімнің көшін бастап тұрған Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Ресей, Израильдегі жағдаймен салыстырып, шүкіршілік те айтатын шығар. Десек те, ақылға салып көрсеңіз, жоғарыдағы құлдыққа сатылған 858 адамның 410-ының қазақстандық екендігінің өзі қоғамымыздың беделіне көлеңкесін түсіретін жағдай.
Адам саудасына қатысты мәселелерді зерттеумен айналысып жүрген мамандарымыз құлдыққа негізінен Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының көптеп түсетіндігін айтады. Керісінше, ел азаматтарының өзге мемлекеттерге сатылатындығын бекітетін деректер де аз емес. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның деректеріне сүйенсек, құлдыққа түсетін Қазақстан азаматтары көбінесе ел аумағындағы мал жаю, сексеуіл, егіс алқаптарындағы жиын-терін сияқты ақысыз, азапты жұмыстарға пайдаланылатын көрінеді. Түрлі алдап-арбау арқылы құлдық құрығына түсіп қалатындардың арасында жезөкшелік жұмыстарға жегілетін қыз-келіншектердің қара-құрасы көп. Өкініштісі, мұндай деректерді адам құқығын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдар болмаса, тікелей осы мәселемен шұғылданатын құқық қорғау органдары көбінесе «ашылмай қалатын қылмыстың санын көбейтіп жібереді» деген сақтықпен тіс жарып, жариялай бермейді. Солай бола тұрса да, ресми дерек Қазақстанда 4 мыңнан астам адамның із-түзсіз жоғалып кеткендер тізімінде тұрғандығын айтады. Олардың 800-ден астамы кәмелет жасына толмаған көкөрім балалар болса, ал 630-ы жастары 50-ден асқан егде адамдар.
Тәжірибеде жоғалған адамдар жөнінде санаңды сарсытып, ұшынан ұстатпайтын түлкібұлаң жорамалдар көп. Жә, жас балалардың қайыршылыққа тартылып немесе ішкі ағзаларының сатылып, саудалануы да мүмкін шығар, ал күш-қуаты кеміген қарт адамдардың қайда кетуі мүмкін? Осыншама кісінің сырт көздің назарына ілікпей, жол-көлік апатына ұшырап, жасырын қара жерге жерленуі ықтимал дейтіндердің түп негізі бос болжамы шындыққа қаншалықты жанасымды? Сонда із-түзсіз жоғалып кететіндердің арадан жылдар өтсе де, дерегін ұстатпайтын беймәлім өмірлерінде қандай құпия бар? Кейбір жорамалдар еңбекке жарамсыз мұндай адамдардың қолда ұсталып, бағылатын түлкі мен қарсақ сияқты аңдардың қорегіне айналуы мүмкін дегенді меңзейді. Ал кейбір сәуегейлер жоғалғандардың жер астындағы жасырын цехтарда құлдықта ұсталынып, әлі құрып, дүниеден қайтқан кезінде сол жерге жерленетіндігін көлденең тартады. Нақты деректің жоқтығынан жоғарыдағы болжамдар туралы кесіп-пішіп, кесімді пікір айтуға тосылып отырғанымызбен, бұл жорамалдардың қай-қайсысын да белінен сызып, жоққа шығара алмаймыз.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің жоғалған адамдар жөніндегі пікірлері тіптен өзгеше. Олардың ресми түрде басталатын әңгімелерінің бағыт-бағдары «үй ішімен ұрсысып, жолдасының үйіне кетіп қалыпты», «ата-анасына ескертпестен қыдырып жүріпті» деген тәрізді жоғарыдағы сауалдарға ортақ жауап ретінде қабылдауға болмайтын жалпылама негізде кетеді. Рас, тіршілікте базбір қамсыз адамдардың қайда кеткенін ескертпестен елді дүрліктіріп қоятын оқиғалары да кездесіп қалады. Осы биыл Талдықорған қаласының құқық қорғау органдары жаппай атқа қонып, табан астынан жоғалып кеткен екі мектеп оқушысын сабылып іздеп жүргенде, олардың Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшамауданындағы туысқанының үйінен табылғаны бар. Алайда, мұндай себептерді жоғарыдағы дерегін таптырмай отырған 4 мың адамға теліп, «олар да бір жерлерде қыдырып жүр екен ғой» деп айтуға келмейді. Ондай жағдайда «кебенек кигендердің» не өлі, не тірі екендігін бекітетін хабарлар әйтеуір бір жерден шаң берер еді ғой.
Біздіңше, бұл жорамалдардың ішінен қисынға жақындайтыны - адамдардың күштеп әкетіліп, құлдыққа салынатындығы туралы болжам ғана. Осыдан бірнеше жыл бұрын таныс адвокаттың Қапшағай қаласының ар жағындағы қыстаулардың бірінде мыңғырған мал ұстайтын ауқатты адамдардың құлдығына түскен бейтаныс келіншекпен жолықтырғаны бар. Қызығы, әйелді ауқатты адамның туысқандары күйеуінің көзінше көлікке күштеп мінгізіп алып кеткен. Ол азапты қорлықтан түн жамылып қашып шығып, әзер құтылғанын көз жасын көлдетіп отырып айтқанда жанымыз түршіккен. Сол тұста қолымызда құқық қорғау органдарының нақты дерегі болмағаннан кейін дәрменсіз жанды құлдықта ұстағандардың аттарын атап, түстерін түстеп айта алмай, амалымыз құрыған. Сол келіншек өзі құлдықта болған қыстауда тағы бірнеше адамның ондаған жылдар бойына мал жайып, құлдықта жүргенін айтып беріп еді.
Мұндай оқиғалар ел аумағынан аз ұшыраспайды. Тек адам саудасына қатысты қылмыстық деректерді анықтап, сотқа дейін жеткізу Қылмыстық кодекстің 128-бабында анық көрсетіле тұрса да, бұл өте қиын мәселе. Ондағы жаза үш жылдан басталып, егер бұл әрекетті қылмыстық топ болып жасап, оның соңы кісі өліміне немесе басқа да ауыр зардаптарға соқтырса, кінәлілерге он бес жылға дейінгі аралықта жаза белгіленген. Бірақ шынайы өмірде құл ұстайтын алпауыттарды өзгенің ұялы телефонын ұрлаған адам сияқты сот орындығына отырғызып, соттай салу оңай шаруа емес. Ауқатты адамдар оңайлықпен заңды мойындап, беріле салмайды.
Осыдан біраз жыл бұрын Алматы облысының Ескелді ауданындағы Екіаша жайлауында адамдарды құлдықта ұстап, зағип болып қалған олардың бірін ауылдың шетіне әкеп тастап кеткен кәсіпкерлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс сол тұстағы аудан прокуроры, ұстанымы темірдей, алған бетінен қайтпайтын Әбдіқажым Рысдәулетов ағамыздың жанқиярлығы арқасында ғана сотқа жетіп, полиция қызметкерлеріне оқ атып, табанды қарсылық көрсеткен ауқатты адамдар жазаға тартылған еді. Алайда, заң баршаға ортақ болғанымен, оны жүзеге асыратын адамдардың ұстанымы да әртүрлі. Сондықтан құл иеленушілердің бәрі дерлік жауапқа тартылып, түзеу мекемесіне жөнелтіледі деп ойлаудың өзі әбестік.
Адам саудасына қатысты қай-қай істің болсын ұшын шыжымдап тартсаң, оның бір шеті кейде құзырлы органда қызмет атқаратын шенді шенеунікке немесе басқа да қолында билігі бар, ықпалды адамдарға жетелеп алып барар еді. Кезінде сырт көзге сырбаз көрініп, шын мәнінде қыз-келіншектердің жынойнағына сырттай басшылық жасап, науадай құйылған көлденең табыстан тиесілі сыбағасын алып отырған полиция қызметкері Морозовқа тағайындалған жаза да жұрттың есінде.
Егер құқық қорғау органдарының өкілдері аудан, қала маңайларынан ұзап шығып, жоспарлы түрде жайлаудағы малшылар мен көше бойларында тұратын жезөкшелердің жеке бастарын жіті тексерсе, олардың арасынан да өзге мемлекеттер мен басқа да аймақтардан күштеп әкелінген бойжеткендер мен азапты жұмыстан титықтаған бас еркі жоқ құлдардың кездесіп қалатындығына күмәніміз жоқ. Мұндай жұмыстарға мемлекеттік заңдылықтың орындалуын қадағалап, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау өкілеттігі берілген прокуратура органдары басшылық жасауы керек. Олай болмаған жағдайда қадағалау органының қағаз жүзіндегі статистикалық есебінен көпшілікке келетін көк тиын да пайда жоқ.
Шиналханов