Күләбі, әміре, саржау: Қызылордада үздік қауын сорты анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде күзгі өнім жинау мерекесі аясында «Қауын пати» танымдық-мәдени шарасы ұйымдастырылды.

ы
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерін кеңінен насихаттап, бақша дақылдарының ерекшеліктерін таныстыру. 

в
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Жиында Сыр өңірінде өсірілетін мырзашөл, эфиопка, саржау, қара күләбі, әміре және пиель де сапо сияқты қауын сорттары таныстырылды. Университеттің «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасының аға оқытушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов әр сорттың қасиеті, өсірілу ерекшелігі және өңір жағдайына бейімділігі жөнінде ақпарат берді.

в
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Қатысушылар әр сорттың дәмін татып, баға берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша пиель де сапо сорты жоғары бағаланып, Сыр қауындарының арасында үздік атанды.

- Бұл – испандық селекция өнімі. Соңғы үш жылда оңтүстік аймақтарда, әсіресе, Шиелі ауданында кең көлемде өсіріліп келеді. Сыртқы пішіні қара күләбіге ұқсас, дәмі ерекше, өзіне тән хош иісі бар. Салмағы 2-3 келі шамасында, яғни еуропалық стандартқа сәйкес келетін порциялық будан, - деді Самалбек Қосанов.

Өңірде осы сияқты шет елдерден әкелінген сорттарды жергілікті климаттық-табиғи жағдайға бейімдеуге баса мән беріліп отыр.

ы
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Бұған дейін ғалым облысында халықтық селекция нәтижесінде пайда болған бірнеше қауын сорты жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанын айтып дабыл қаққан болатын.