Медет Маханбет Астана медицина университетінде, Мәскеудегі Жалпыресейлік дене тәрбиесі және спорт ұлттық зерттеу инсттитутында медицина курсы бойынша білім алған. Кейінірек «Болашақ» бағдарламасымен Литваның Вильнюс қаласында Сантаришкес университеттік клиникасында құлақ оталары бойынша тағылымдамадан өткен.
– Медет Елтайұлы, жаңа ғана отадан шығып, сұхбатқа келіп отырсыз. Науқастың жағдайы қалай? Қандай шағыммен жүгінген еді? Аурухананың мүмкіндіктері қандай деңгейде?
– Ота сәтті өтті. Науқасты отадан кейінгі күтім палатасына жібердік, онда 2 сағат бойы медицина мамандарының бақылауында болады. Бүгін менде екі ота жоспарланған, екеуі де мұрын отасы. Қазіргі науқастың мұрын пердесі қисайған, бала кезінде алған жарақат салдарынан мұрынның сыртқы келбеті де бұзылған. Былайша айтқанда бір күнде екі ота жасалды, мұны «Риносептопластика» деп атайды. Ота нәтижесінде мұрны жақсы тыныстайды және сыртқы формасы да түзу болады.
Біздің аурухананың мүмкіндіктері өте ауқымды, дәрігер-хирургке ең бірінші керегі – медицналық құрал-жабдық. Мұнда құлаққа, мұрынға, тамаққа жасалатын барлық отаға қажетті инстурменттер жеткілікті. Германиялық KARL STORZ компаниясының сапалы жабдықтары бар. Лор-комбайн мұрын тазалайды, дәрі шашады, микроскоппен құлақ қараймыз, видеоларингоскоп – тамақты қарауға қажет. Біздің орталыққа өңірлерден науқастар жолдама арқылы келеді. Оған қоса, ауруханада тіркелген контингентіміз бар және ақылы негізде де қызмет көрсетеміз.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өткенде құлаққа трансканалды эндоскопиялық ота жасауды үйренген едім. Әдетте құлақтың артына тілік жасап, ота жүргізсек, енді құлақтың ішінде кішкентай тілік жасауға болады. Оның артықшылығы – науқас отадан кейін тез қалпына келеді, қан көп шықпайды, нәтижесі өте жоғары болады. Бұл тәжірибені Қазақстанға әкелген алғашқы дәрігер болдым. Биыл осы әдісті біздің аурухана хаттамалық түрде енгізіп жатыр. Мұны үлкен ғылыми жетістік деуге болады.
– Мұрын пердесінің қисаюы қазір жиі кездесетін секілді. Оның себебі неде? Мұрынның дұрыс тыныс алуы тұтас ағза жұмысы үшін маңызды ғой?
– Мұрын пердесі жарақат салдарынан немесе физиологиялық өсу кезінде де өздігінен қисаюы мүмкін. Мұрын пердесінің артқы бөлігі сүйек болса, алдыңғы бөлігі – шеміршек. Шеміршектің өсу жылдамдығы сүйекке қарағанда тезірек жүреді. Кей дереккөзде шеміршек 25 жасқа дейін өседі деп жазылған. Сондықтан да есейген сайын жарақат алмаған адамдарда да мұрынмен тыныстау қиындай бастайды. Мұндай жағдайда лор-дәрігерге жүгінген жөн. Мұрын қуысын түгел қарап шығу үшін компьютерлік томография «алтын стандарт» болып саналады.
Дұрыс айтасыз, оттегі тұтас ағзаның жақсы жұмыс істеуіне ықпал етеді. Негізгі тыныс алу мүшеміз – мұрын болғандықтан, оттегі көзі мұрын арқылы кіреді. Мұрын дұрыс дем алмаса, оттегі жетімсіздігі (гипоксия) пайда болады. Гипоксиядан ең бірінші адамның миы шаршайды.
Ұйықтағанда ауызбен дем алатындар бар. Ауыздан кірген ауаның жартысы асқазанға кетеді. Ал асқазан оттегіні қорытпайды. Адам ұйықтағанда барлық мүшелері дем алады, қалпына келеді. Ал оттегі жетіспесе көп шаршайды, иммунитеті құлдырайды, жұмысында өнімділік азаяды. Өйткені энергиясы жетпейді.
Аллергия деп мұрны бітелетіндер мұрын қалқанын тексертуі керек. Мұрын қалқанының үш түрі (үстіңгі, ортаңғы, астыңғы) болса, аллергия болғанда астыңғы қалқан ісініп, үлкейіп, мұрын пердесіне тиеді. Осылайша мұрыннан тыныс өтпей қалады. Бұл ретте мұрын қалқанын кішірейту бойынша да ота жасалады. Жалпы мұрын отасы кезінде барлық кем-кетігін түгел жөндеп беруге тырысамыз.
– Қазіргі уақытта отоларингология саласында елімізде қандай аурулар кең таралған? Бір аптада қанша ота жасайсыз?
– Бір күнде 2-3 ота, аптасына – он шақты ота жасап жүрмін. Менің негізгі ғылыми бағытым – эндоскопиялық трансканалды ота және өз білгенімді жас резиденттерге де үйретіп жүрмін. Қазақстанда алғаш рет құлақтың сыртынан емес, ішінен тілік жасайтын отаны бастағанымызды мақтанышпен айта аламын. Мұндай ота тек қана біздің ауруханада жасалады.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан Лордың статистикалық жағдайына қарасақ, мұрын мәселелерімен жүгіну көп. Себебі аллергия кең тарап келеді, түрлі жарақаттар болады. Жалпы статистикада 10 ота болса, оның бесеуі – мұрынға, үшеуі – құлаққа, қалған екеуі – тамаққа жасалып жүр. Тамақ оталарына келсек, кей науқастардың дауыс байламаларында өсінді болады, күтпеген қайғылы жағдайлар болады. Сосын жансақтау бөлімінде интубационды түтікпен жатқан науқастардың тамағы тарыла бастайды. Соның алдын алу үшін лор-мамандар мойынды сыртынан тесіп, трахестома қояды. Пандемия кезінде Қостанай ауруханасында жұмыс істедім. Сонда науқастарға өкпені желдету аппаратын кигізуді және демалуын қадағаладық. Осылайша өкпесінің 90 пайызы зақымдалған науқастарды да аман алып қала алдық. Дер кезінде қолданылған ем-шара қашанда нәтижелі болады.
– Әдетте күн суытқанда мұрын бітеліп, көп адамда гайморит басталады. Мұндай жағдайда қандай кеңес бересіз?
– Гаймор қуыстары көздің астында, жақтың үстінде орналасқан. Барлық қуыста табиғи шырыш бөлінеді. Бұл шырыш мұрынның ішін жұмсартып тұрады, ыстық ауа келсе суытады, суық ауаны жылытады. Осылайша тәулігіне жарты литр шырыш бөлінеді. Ал ЖРВИ, вирустық аурулар кезінде шырышты қабат ісініп, шығатын тесіктері бітеледі. Сол шырыштың шығу процесі тежелгендіктен өз ішінде циркуляция басталып, патогенді флораға айналып, іріңдей бастайды. Егер жай ғана ісініп, ірің жиналмаса, науқас отасыз, консервативті ем жолымен сауығып кетеді.
Мұнда мұрынға арналған тамшыларды қолданарда сақ болған жөн. Адамдар ауырғанда дәрігерге емес, дәріханаға барады. «Мұрным бітеліп қалды, не істеу керек?» дегенде ойланбастан тамшыларды ұсынады. Тіпті тұмауға қарсы мұрын тамшыларын беретін фармацевтер бар. Мәселен, кең таралған «Називин» – вирусты өлтірмейді, қабынуды баспайды, тек қана ісініп тұрған жердің тамырын тарылтып, ісінуді басады. Басқа да тамшылардың сауда маркасы әр түрлі болғанымен, фармакологиялық құрамы бір. Мұндай тамшыларды үш күннен артық қолданған жағдайда шырышты қабат бетіндегі қылшықтар өліп қалады. Сосын оның қалыпна келуі қиын болады. Сондықтан дәрігерге барғанда қабынуға қарсы дәрілерді тамшы түрінде емес, дәрі ретінде алған жөн.
– Үй жағдайында құлақ, мұрын, тамақ күтімін қалай жасау керек? Мақта таяқшаларымен құлақ тазалауға болмайды дейді. Сутегі асқын тотығын құлаққа құятындар бар. Бұл дұрыс па?
– Сутегі асқын тотығын қолдауға болады, онымен құлаққа жиналған бұлықты шығаруға болады. Бірақ асыра сілтеуге жол бермеу керек. Ал мақта таяқшалары бергі жақтағы бұлықты әрі қарай итеріп, нығыздап тастайды. Кей аналар жасы бірге болмаған баласын әкеледі, балам құлағын шұқып жатыр, бұлық көріп тұрмын деп келеді. Осындайда айтатын сөзім бар – Баланың құлағындағы бұлық балаға емес, анасына кедергі келтіреді. Яғни балаға бәрібір, ол қазір ештеңені түсінбейді, мазасызданады, тазалаған кезде жылайды, ана да бала да стресс алады. Құлақтағы бұлық қорғаныш үшін пайда болады, сырттағы шаң-тозаң түспеу үшін ағзамыз бұлық бөледі. Көбейіп кетсе, лорға барып тазалауға болады. Негізгі профилактикалық тексеру үшін дені сау адам жылына бір рет емханаға барып тұруы керек.
Мұрын тазалығына келсек, анда-санда тұзды сумен шайып тұру керек. Сосын қатты сіңбіруге де болмайды. Қатты сіңбіргенде мұрындағы қантамырлар қабырғасы жұқарып, мұрынның жиі қанауына әкеп соғады. Дәрет алғанда мұрынға суды тартып, мұрынның жұмсарғанын сәл күту керек. Әйтпесе мұрын қабырғасына зақым келеді. Ал тісті тазалаған кезде тілдің үстін де щеткамен тазалап өткен жөн. Өйткені тілде де бактериялар болады, иммунитет әлсіреп, бактериялар шамадан тыс көбейіп кетсе, тамақта ірің, стоматит, тонзилит болуы мүмкін.
– Құлаққап туралы сұрамасам болмас. Бірнеше жылдан кейін құлаққаптың әсері қандай болуы мүмкін? Саңыраулар саны артатын шығар?
– Құлаққапқа тыйым салған сайын елдің назары арта береді. Оны қолдануға болады, бірақ орташа дауыстан асырмау керек. Күніне бір сағат үздіксіз тыңдаған соң, міндетті түрде құлаққапты шешу керек. Тамшының тасты тескені секілді, құлаққаптың да әсері біраз жылдан кейін көрінеді. Есту жүйкесіне зақым келіп, құлақта шу пайда болады. Медицинада құлақтың шуы «тиннитус» деп аталады, оны сурдолог мамандар қарайды. Әлем бойынша АҚШ-тың өзінде жылына 2 млн адамға осы тиннитус бойынша мүгедектік беріліп жатыр. Бізде де ондай науқастар көп. Олардың бәрі дәрігерге дер кезінде бармайды, келгенде бәрі кеш болады.
Құлақтың шуын басатын дәрі-дәрмек бар, бірақ шу ауқымы ұлғайып кетсе, есту қабілеті нашарлайды. Одан кейін құлақ шуы – субъективті нәрсе, еш аппаратпен тексеру мүмкін емес, түбегейлі емі жоқ. Маған жас науқас пен егде жастағы адам келсе, екеуіне де бір дәрі жазып беремін. Ол жас адамға көмектеседі, шу басылады. Ал үлкен кісіге көмектеспеуі мүмкін, өйткені уақытын өткізіп алған.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан Құлақ шуы кардиологиямен де тығыз байланысты. Яғни науқастың қан қысымы көтерілгеннен құлағы шуылдауы мүмкін. Ол есту жүйкесіне зақымын тигізеді. Сондықтан екі ем қатар жүреді – біз құлақ нервін реттейтін дәрі тағайындаймыз, кардиологтар өз тарапынан – қан қысымының артпауын қадағалайды.
Елімізде есту мүкістігі бар науқастар жасарып келеді. Әрине, оның бір себебі – құлаққап. Мәселен, 5 жыл бұрын құлағымда шу бар, естуім нашарлады деп 60-тан асқан адамдар келетін. Қазір 25-30 дағы жастар да келетін болды. Бүрын жастардың құлағында қабыну процестері ғана байқалатын. Ал қазір гі жастарды тексерсең – алпыстағы адамның құлағындай жағдайды көреміз. Оларға тек қана қолдайтын терапия тағайындаймыз, ал егер саңыраулық алдында тұрса, ауруы 3-4 деңгейге өтіп кетсе, аппарат тағайындаймыз.
– Қазір әлеуметтік желіде ақша жинап, балаларды шетелде емдету тенденциясын байқап отырмыз. Отоларингология бағытында жағдай қалай? Науқастарымыз өз елімізде тиісті ем алып жатыр ма?
– Бұрын мен «Ана мен бала орталығында» жұмыс істегенмін. Онда да мықты мамандар, тәлім берген ұстаздарым әлі қызмет етіп жүр. Сонда отандық мамандарға сеніңкіремей, жылу жинап, баласын Кореяға алып кеткендер болды. Бірақ соңында сол адамдар елге келіп, өзімізде сауығып шықты. Ресейге барып сәтсіз ота жасағандар да бізге келді, біз қалпына келтірдік. Ондай оқиғалар өте көп. Бізде де қабілетті мамандар жетерлік. Тек қана лор емес, басқа да бағыттарда шетелде тәжірибе жинақтап келген отандық дәрігерлер бар. Бұл мәселенің қаржылық жағы бар. Шетелде қомақты қаржы шығындап, әр қадамы ақшаға тірелсе, бізде квота арқылы тегін емделеді. Ел ішіндегі шалғай өңірлердегі науқастар ірі қалаларымызға келеді.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан Әрине, Ресейде де, Кореяда да, Түркияда да жақсы профессорлар бар, мен білім алған Литва профессоры Еуропа бойынша танымал дәрігер еді. Демек әрбір елдің үздік мамандары болады. Сол қабілетті мамандар өз шәкірттерін тәрбиелеп, сабақтастықты жалғап отыруы керек деп ойлаймын.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан Жақында ғана екі америкалық турист құлағы ауырып, біздің ауруханаға келді. Олар біздің орталықты көріп таң қалды. Іші таза, жабдықтары жеткілікті, дәрігері – мен ағылшын тілінде еркін сөйлеп тұрдым. Көптеген елдерде медициналық қызметтердің өте қымбат екенін білеміз. Бұл ретте біздің елдегі жағдай көш ілгері.
– Толыққанды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!