«Құлдар ғана жалаңбас жүреді» деген ұғым болған - тақия тігетін тараздық шебер

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздың қыз-қыз қайнаған базарында толып тұрған тақияны ер адамның қолынан шықты деп кім ойлайды, сірә? Әдетте, тігінші десе, әйел адам көз алдымызға елестейтіні тағы бар. Сондықтан, тақия тігетін ісмер Мейіржан Асабаев жайлы естігенде, «өзі тіге қоймас, сол істің ұйымдастырушысы, бәлкім басшысы болар» деген де ой келді. Бірақ, Мейіржан Абдурахманұлының тек ерлер тақиясын ғана емес, әйелдер мен қыз-келіншектердің де бас киімдерін, тіпті сәукелелерін де сәнін келтіріп, өзі тігетінін естігенде, қайран қалдық, деп жазады «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Менің аталарым шебер болған, қазақтың ұлттық өнерін дамытқан. Атам ер- тоқым, жүген, ауыздық сынды ат әбзелдерін жасаған. Ісмерлік маған солардан дарыды. Негізгі мамандығым – инженер-технолог. «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 25 жылдай қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметке дейінгі лауазымда еңбек еттім. Сол аралықта Кеңес Одағы тарап, тоқырау жылдары басталды. Сосын қанымда бар нәрсе болған соң, осы іске тәуекел етіп, бастап көргім келді. Алғашында «Мұны қайтесің, Қытайдың арзан тауарлары тұрғанда, сенің тақияңды кім алсын? Одан да саудамен айналыс» деп ақыл айтқандар көп болды. Оларға мен «Қытай – қазақ емес, біздің ұлттық ділімізді, дінімізді білмейді» деп жауап бердім. Шүкір дейін, егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, ұлттық құндылықтарымызға қайта орала бастадық. Онымен қоса, ұлттық киімдерге деген құрметіміз артып, көп сұранысқа ие бола бастады», - дейді ісмер.


Оның бұл сөзінің айқындығын бүгінде тігіншіге тапсырыс беретіндер тек Жамбыл облысының ғана тұрғындары еместігінен-ақ байқадық. Шеберге сонау Маңғыстау, Ақтөбе өңірлерінен, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды қалаларынан, кейде тіпті мың данаға дейін арнайы тапсырыстар түсіп тұрады. Мейіржан Абдурахманұлы айына шамамен 500-ге жуық бас киім тігеді.

Тігіншілердің айтуынша, ұлттық киім тігу бір бөлек, тақия тігу бір бөлек дүние. Байқасаңыздар, ұлттық киім тігетіндердің дені бас киім тіге бермейді. Себебі, ұсақ жұмысы көп, біраз уақытты, төзімділікті талап етеді. Осы орайда, «Неге қазақтың басқа ұлттық киімдері – шапан, камзол немесе етік емес, дәл осы тақияға таңдауыңыз түсті?» деген сауал туындайды.

«Ертеректе ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Себебі, сол заманда «құлдар ғана жалаңбас жүреді» деген ұғым болған. Беріге дейін ата-әжелеріміз жазда да міндетті түрде бас киім киіп жүрген. «Жетпіс жеті аурудың басы – жел» деген аталарымыз бастың өз температурасы болатынын, оны сақтап жүру керектігін білген. Жалаңбас жүрген әйел-қыздарға зиян: сөз қуаты, көз қуаты әсер етеді. Шаш арқылы денеге теріс энергия еніп, ол үнемі әлсіреп, өз міндетін атқарудан қалады. Менің бұл кәсіпті қолға алған мақсатымның бірі де осы еді. Әсіресе, жастардың бас киімге деген қызығушылығын арттырып, денсаулықтарын сақтауда үлес қосуды ойладым.


Бұрын қыздарымыз үш жасынан бастап тақия, ұзатылған сәтте сәукеле кисе, келін атанғаннан бастап орамал тағып, перзент сүйген соң кимешек киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт, қамқа секілді матадан сырып тігіледі. Оны түрлі-түсті моншақ-маржандармен безендіруге болады», - деп жауап қатты тақия туралы білетін ақпараттарымен бөліскен тігінші.

Байқағанымыз, Мейіржан Асабаевтың бойында қазақылық басым. Олай болмаған күнде қазақтың тақиясын да тікпес еді-ау, сірә. Таразда алғаш рет «Көрісу» күні ұйымдастырылған кеште ондағы барлық азаматтардың басына бір-бір тақиядан тарту етуі де оның ұлтқа, дәстүрге деген сүйіспеншілігін айғақтап тұрғандай.


Айта кетсек, 14 наурызда елімізде береке-бірлік пен ырыс-ынтымақ мерекесі – Көрісу күні аталып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал мейрамымен құттықтады.

Биыл Маңғыстауда Амал мерекесі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Жасқайрат Ерназаров Көрісу күні туралы ой бөлісті.


Соңғы жаңалықтар