Құлпынай мен шие – дәмі тәтті, бағасы «ащы» – қай өңірде қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Мамыр басталғалы сауда сөрелерінде құлпынай мен шие көптеп сатылады бастады. Егер құлпынайды қыста да сатып алу мүмкін болса, ал шие енді ғана сатылымға шыға бастады. Ел аумағында екі жемістің бағасын салыстыра отырып, шолу жасаған едік.

Елімізде сатылып жатқан құлпынайдың дені – импортталған, яғни Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан елінен келіп жатыр. Дегенмен, отандық құлпынайдың сатылымға шығуы бағаның арзандауына әкелуі мүмкін деп отырмыз. Әзірге, арзан әрі дәмді құлпынайды Талдықорғаннан табуға болады, өңірде келісі 500-850 теңгеден сатылып жатыр. Алматы, Шымкент, Қызылорда, Қонаев, Түркістан және Таразда құлпынай қымбатырақ, мұнда ең төменгі баға – 700-900 теңге. Ал Павлодар, Қарағанды, Семей, Көкшетау, Жезқазған және Өскеменде аталған жемістің бағасы әлдеқайда жоғары, келісі кем дегенде 1600-2000 теңгеден басталады. Сондай-ақ, Қостанай, Петропавл, Орал, Атырау, Ақтөбе және Астанада бір келі құлпынай 2 мың теңгеге дейін барады, Ақтауда одан да қымбат келісі 3000 теңге.

Құлпынайдың қымбаттауы көрші Ресейде де байқалады, елдегі үскірік аяздан кейін баға 20%-ға көтеріліп кетті. Бір келі құлпынайдың орташа бағасы шамамен 3 мың теңгені құрайды. Ауа райына байланысты аталған жеміс әлі де қымбаттауы мүмкін деп күтіліп отыр.
Шие – биыл еліміздің солтүстік аймақтарына әдеттегіден кеш жеткізілді әрі оның келісі 3000 теңгеден сатылып жатыр. Мысалы, Петропавлда ұсақ шиелерді 1900 теңгеге сатып алуға болады. 30 мамырдағы мәліметтер бойынша, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Тараз, Семей және Түркістанда ең арзан шиенің келісі 1200 теңгеден 1900 теңге аралығында сатылып жатыр.

Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Қонаев, Көкшетау және Астанада келісі 2000 теңгеден 2500 теңгеге дейін барады. Ақтөбе, Атырау, Жезқазған және Қостанайда баға жоғары, бір келі шие 2500-2900 теңге тұрады. Ал Орал, Ақтау тұрғындары аталған жемістің келісін 3000 теңгеден және одан да қымбат бағаға сатып алып жатыр.
Қызықты мәлімет, әлемдегі ең қымбат құлпынайдың бір түйірі 350-450 доллар тұрады. Бидзин-Химе (сұлу ханшайым) жидек сұрыпын жапондық фермер Микио Окуда шығарған, оған 15 жылын жұмсапты. Аталған құлпынай сорты тәттілігі әрі көлемімен ерекшеленеді. Оның бір түйірі тауықтың үлкен жұмыртқасы көлеміне жетеді, салмағы шамамен 100 грамм. Фермер жылына 500 түйір құлпынай өндіреді және тек қыста өсіреді, сондықтан да бағасы қымбат.
Ең қымбат шие Жапонияда да кездеседі. Өткен жылы Хонсю аралындағы Хатинохе қаласында өткен аукционда ішінде 15 түйір бар шиенің қорабы 500 мың иенге сатылған. «Аомори хартбит» сұрыпы атты шие көлемі және жүрек тәнді пішінімен ерекшеленеді.