Құлсары тұрғындары су тасқынынан бүлінген үйлерін жөндеуді қолға алды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласының тұрғындары су тасқынынан бүлінген үйлерін жөндеуді қолға алды.

Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабының ақпаратына қарағанда, су тасқынынан зардап шеккен құлсарылықтар бағалау қорытындысына сәйкес өтемақыны алып жатыр.
Соның бірі – 74 жастағы ардагер теміржолшы Айтбай Шайпахов. Құлсары қаласындағы 4-учаскеде тұратын зейнеткердің 2018 жылы салынған үйін су басқан.
«Өтемақыға берілген қаржыға жөндеу жұмысын бастаған едік. Үйіміздің ішкі бөлігін 15 күнде толық жөндеуден өткіздік. Есіктерді жаңасына ауыстырып, еденіне линолеум төседік. Енді үәдің сыртқы бөлігіне жөндеу жүргіземіз», - дейді Айтбай Шайпахов.
Оны бір учаскеде тұратын Нәсіпбай Сағынбаевтың үй құлап қалған. Ол екі айдан бері отбасымен киіз үйде тұрады. Оның отбасында 5 бала бар.
«Біздің отбасымызбен ескі үйде тұрған едік. Сол үйде 1989 жылы көшіп келгенбіз. Соңғы 5-6 жылдан бері жинаған қаражатыма үйімнің қасынан жаңа баспананың қабырғасын көтеріп қойғанмын. Қазір өтемақының қаржысын сол үйдің құрылысына жұмсауды көздеп отырмын Жұмысшылар көмекке келді. Олар үйдің шатырын жабуды бастады. «Қыстың қамын жаз ойла», дегендей осы бастан қамданудамыз. Балалар өсіп келеді. Сол себептен, құлаған үйім тұрған жер телімін өзіме қалдырдым. Алдағы уақытта балалар сол жерге үй салуы мүмкін», - дейді Нәсіпбай Сағынғалиев.
Құлсары қаласында су тасқынынан бүлінген үйлерді бағалау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бұл жұмысты 10 маусымға дейін аяқталады деп жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда баспанасын қалпына келтіруге өтемақы алғандар саны 1100-ден асқан жазған едік.