Құлсарыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауға алынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауға алынды.

Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Сәбит Сүлейменовтің айтуынша, Құлсары қаласындағы дүкендер мен базарларда, супермаркеттерде азық-түліктердің бағасына мониторинг жүргізілген.
«Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікке шекті баға бекітілді. Сол себептен, сауда нүктелерінде күнделікті тұтынатын мұндай азық-түліктердің бағасы белгіленген шектен аспауға тиіс. Тұрғындар бағаның өскенін байқаса, Е-өтініш платформасы арқылы немесе біздің департаментке шағым бере алады. Азық-түліктің бағасына байланысты мониторинг Атырау қаласы мен аудандарда апта сайын жүргізіледі. Басты мақсатымыз – азық-түліктердің, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар түрлерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу», - деді Сәбит Сүлейменов.
Қазір Құлсары қаласында азық-түлік сататын 150-ге жуық сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері «Лидер» супермаркетінің екі нүктесі арқылы қолжетімді бағамен сатылады.
Еске сала кетелік, Құлсарыда азық-түлікке таласқан әйелдердің ісі сотта қаралғанын жазған болатынбыз.