Құлсарыда су тасқыны салдарынан бүлінген көпір жөнделіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқыны кезінде көпір бүлінген еді. Аталған көпірді жөндеу желтоқсан айынан бері жүріп жатыр.

көпір құрылысы
Фото: Ерлан Махметов

Көпірді жөндеуді «ҚазАлем» ЖШС қолға алған. Серіктестік өкілі Дауылбай Кемаловтың айтуынша, жұмысты қыркүйекте бастау көзделген. Алайда коммуникация желілерін көпір астымен өткізілгені кедергі келтірген. 

– Желтоқсан айына дейін коммуникация желілері жүргізілді. Жөндеу жұмысы 12 желтоқсанда басталды. Қазір құрылыс жұмысына 40 адам, 20 техника тартылды. Көпірге 10 бағана орнатылады. Жөндеу жұмысын наурызда аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Дауылбай Кемалов. 

Оның айтуына қарағанда, құрылыс материалдары көршілес Ресей Федерациясынан тасымалданып жатыр. Құрылысшылар күніне 10 сағаттан жұмыс істейді. 

– Жөндеу жұмысын белгіленген мерзімде аяқтауды көздедік. Сол себептен, күндізгі жұмыс 10 сағатқа дейін созылады. Алдағы уақытта түнгі ауысыммен жұмыс істеуге тура келуі мүмкін, - деп мәлім етті Дауылбай Кемалов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы көктемгі су тасқынына қалай дайындалып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар