Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен отбасы өтемақыға коттедж сатып алды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасы өтемақы қаржысына екі қабатты коттедж сатып алды.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласында үйін тасқын су басқан 2 633 отбасыға өтемақы берілген.
Су тасқынынан зардап шеккендердің қатарында Қадырбек Қоспақов та бар. Оның үйіне 5 сәуірде тасқын су кірген.
«Тасқын су тез келді. Тіпті заттарымызды жинауға, киімдерімізді алуға үлгермедік. Құжаттарымызды ғана алып, баспанамызды тастап кетуге мәжбүр болдық. Су деңгейі тез көтеріліп, 20 күнде үйіміз жарамсыз болып қалды. Сол себептен, көршілес Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылына барып, уақытша паналадық. Кейін Жылыой аудандық әкімдігінен көмек берілді», - дейді Қадырбек Қоспақов.
Оның айтуынша, арнайы комиссия мүшелері бұрынғы үйіне зерделеу жүргізген. Бағалау комиссиясының мамандары оның үйін жарамсыз деп тануға шешім шығарған.
«Маусым айына дейін отбасымыз туралы, жарамсыз деп танылған үйімнің құжаттарын арнайы комиссияға тапсырдық. Өтемақы қаржысын есептеп берді. Бес жұмыс күнінде арнайы есепшотыма өтемақы қаржысы түсті. Өтемақыға берілген қаржының мөлшері көңілімнен шықты», -дейді Қадырбек Қоспақов.
Ол өтемақы қаржысын алған соң жаңа баспананы Атырау, Ақтау және Ақтөбе қаласынан сатып алу нұсқасын қарастырған.
«Жаңа баспана іздеп, біраз жүріп қалдық. Өтемақы қаржысына өзге қалалардан үй сатып алатындай мүмкіндік болды. Бірақ, туған жер ыстық болады екен. Басқа қалаға көшіп кете алмадық. Сол себептен, Құлсарыдан екі қабатты коттедж сатып алдық», -деді Қадырбек Қоспақов.
Қазір оның отбасы жаңа баспанасы көшіп келген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары халқына үй сатып алуға, жөндеуге 70 млрд теңге аударылғанын хабарлаған болатынбыз.
Ал, кеше Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 2,6 млрд теңге өтемақы тағайындалғанын жазған едік.