Құлсарыда үйді бағалау қорытындысымен келіскен 6 отбасы өтемақыға өтініш берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында тасқын су кірген үйді бағалау қорытындысымен келіскен 6 отбасы өтемақыға өтініш берді.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Құлсарыдағы Мәдениет үйінде өтемақы төлемін рәсімдеу үшін тұрғындардан өтініш қабылдау басталды. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясы өтемақыны 14 күнде төлейді.
«Мен бұрынғы үйімнің әр шаршы метріне 400 мың теңгеден сұрамаймын. Маған көңілінен шығатындай қаржы берген қалаймын. Сол себептен, тасқын судан бүлінген үйімнің әр 1 шаршы метрі 240 мың теңгеден бағаланса, ризашылығымды білдіремін. Егер менің үйім 25 млн теңгеге бағаланып, маған залал үшін әр шаршы метрге 240 мың теңгеден төленгені тіптен тиімді болар еді. Қазір менің отбасым үшін тұрғын үй мәселесі өте өткір тұр», - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Жайлаш Мұқанова.
Келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеу үшін құжаттарды дайындау мерзімі 10 күнге созылады.
«Қазір жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізу жалғасып жатыр. Тұрғындардан 2940 өтініш қабылданып, 2727 өтініш қарауға жіберілді. Тасқын судан бүлінген 2624 үйге бағалау жүргізілді, 2671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. Осы кезге дейін 756 апатты үй деп танылды», - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыдағы су тасқынынан кейін апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталғанын хабарлаған едік.