Құлсарыдағы өрт: 6 азамат амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов және ТЖД өкілдері Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді. 

Құлсарыдағы өрт: 6 азамат амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Қызыл жалынның салдарынан жалпы саны 16 адам зардап шекті. 31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.

Құлсарыдағы өрт: 6 азамат амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді
Фото: Атырау облысы әкімдігі

— Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы —25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, — деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді .

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.

— ⁠Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеп жатыр, — деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қайтыс болған 2 азаматтың үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтты. Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетіледі. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Кейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы жарылысқа байланысты жедел штаб отырысын өткізді.

Сондай-ақ дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.

Ал полицейлер Құлсарыдағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

Құлсарыда жанар-жағармай бекетіндегі өрт сөндірілгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар