Құлсарыдан Ресейдегі емдеу пансионатына демалуға барған 54 оқушы үйіне оралды

Оқушылар
Фото: Алматы әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласынан 174 оқушы Ресейдегі емдеу пансионатына демалуға барған еді. Бүгін 54 оқушы үйіне оралды, ал, 120 бала демалысын жалғастырып жатыр.

Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл оқушылар ата-анасынан өтінішіне байланысты оралған.

«Железноводск қаласының маңындағы Иноземцево кентінде орналасқан «Қазақстан Геологі» пансионаты аумағында жаңбыр жауған. Соның салдарынан табиғатта қоңыз көбейген. Емдеу пансионатындағы корпустың кейбір бөлмесінен қоңыз табылған. Осыған байланысты ата-аналардың бір тобы балаларын елге қайтаруға өтініш білдірді. Білім басқармасы 54 баланың үйіне аман-есен оралуын ұйымдастырды. Оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін 5 жетекші қамтамасыз етті. Ал, 120 оқушы демалысын жалғастырып жатыр. Олардың қасында 13 педагог бар», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Ал, Пятигорск қаласындағы «Гигиена және эпидемиология» орталығының жалпы гигиена жөніндегі дәрігері С.Козырев «Қазақстан Геологі» емдеу пансионатына тексеру жүргізген. Дәрігер пансионат бөлмесіне кірген қоңыздың адам денсаулығына зияны жоқ деген қорытынды берген. Қоңыз табылған бөлмелерде қосымша дезинсекциялау жұмысы жүргізілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ресейге демалуға барған оқушылар кері оралатынын жазған болатынбыз.

Кейін Құлсарыдан Ресейге барған 120 оқушы демалысын жалғастыратынынын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram