Құлсары қаласындағы топтық төбелес: 23 адам ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың Құлсары қаласында топтық төбелеске қатысы бар деген күдікпен 23 адам ұсталды. Оның ішінде 8 жасөспірім бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

5 қыркүйек күні Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында жастар топтасып төбелескен. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады.

«Тағы да Құлсары. Жау келгендей елдің берекетін алып жүрген жастар. Видеоға түсіріп отырған жастар көпқабатты үйдің төбесінде отырған сияқты. Біздің тәртіп сақшылар қайда?», - деп жазба қалдырды әлеуметтік желі қолданушысы.

Құлсары қаласында төбелестің болғанын Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Кеше, 5 қыркүйекте түнгі сағат 22:20 шамасында Құлсары қаласындағы көпқабатты үйдің жанында біп топ адамның төбелескені анықталды. Жергілікті полицейлердің жедел әрекеті нәтижесінде барлық қатысушы ұсталды. Аудандық полиция бөліміне төбелеске қатысы бар 23 адам жеткізілді. Оның ішінде 8 жасөспірім бар.

Тергеу басталды. Төбелестен дене жарақатын алғандар мен ауруханаға жеткізілген жәбірленушілер жоқ», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, Құлсары қаласында бірер күн бұрын ғана төбелес болып, үш күдікті қамауға алынған болатын.Ол кезде 19-20 жастағы жігіттер түнгі сағат 03:00 шамасында жиналып, төбелескен еді.


Соңғы жаңалықтар