Құлсарыда бір топ жасөспірім түн ортасында шу шығарған

ҚҰЛСАРЫ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Құлсары қаласында бір топ жасөспірім түн ортасында шу шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құлсарыда бір топ жасөспірім түн ортасында шу шығарған

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұл туралы 20 мамыр сағат 23:40 шамасында Жылыой аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабар түскен.

«Бір топ жасөспірім Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылында орналасқан «Иранбақ» дәмханасының алдында өзара дауласып, шу шығарған. Осыған байланысты жедел-тергеу тобы көрсетілген орыннан кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүргені үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір Жылыой аудандық полиция бөлімі аталған қылмыстық құқық бұзушылық дерегін жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу үшін Қылмыстық Кодекстің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кенішінде аялдамаға қалдырылған сөмке күдік тудырғанын хабарлаған болатынбыз.