Құлжа тасжолы алты жолаққа дейін кеңейтілмек

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Құлжа тасжолы алты жолаққа дейін кеңейтілмек. Бұл аталған учаскенің өткізу қабілетін 2 есеге арттырады.

ШҚО-дағы екі тасжолда бүгіннен бастап қыс соңына дейін көлік қозғалысы шектелді
Фото: qaj.kz

«Алматыда 4 маусымда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін Құлжа тас жолын қайта жаңарту басталады. Бұл жұмыс аясында жолды 4 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейту жоспарланған, бұл учаскенің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті қалалық әкімдіктен.

Жалпы, ұзындығы 2,3 шақырым жолды қайта жаңарту көзделген. Жол бойын кеңейту арқылы әр бағытта 3 жолақ салынады. Бұл шара аумақтың өткізу қабілетін тәулігіне 40 мың автокөліктен 80 мыңға дейін арттырады.

Сонымен қатар, жол жиегіне тосқауыл қоршауын, жол бойын жарықтандыру және су бұру тіректерін орнату жоспарда. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі жағынан ені 2-ден 3 метрге дейінгі тротуар жабдықталады.

Құлжа тасжолы
Фото: Алматы әкімдігі

«Жол бойын қайта жаңарту жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде жолдың батыс жағы, екіншісі орталық бөлігі, үшіншісі шығыс жағында жұмыс істеледі. Бірақ әрбір кезеңде екі бағытта да қозғалыс шектелмейді. Әрбір учаскедегі жұмыстың ұзақтығы шамамен бір айға созылады. Жол бойының бүкіл ені бойынша жолды таңбалау және белгілер орнату арқылы қозғалысты осы жылдың 25 тамызына дейін ашу жоспарланған», - деп хабарлады әкімдіктен.

Былтыр Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жолайырықта, дәлірек айтқанда, Бұқтырма көшесі бойында 4 жолақты автотуннель ашылған болатын

Сондай-ақ биыл Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайрықты ашу жоспарда

Жоба аясында Сейфуллин даңғылында көліктердің кедергісіз жүруі үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі түнел салу көзделген. Жансүгіров көшесінде 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, тротуарлар және көгалдандыру қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар