Күмәнді мемлекеттік сатып алулар қалай тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде БАҚ-та жарияланатын күмәнді мемлекеттік сатып алуларға министрлік тарапынан қалай мән берілетініне қатысты түсінік берді.

госзакупки
Фото: freepik.com

Брифинг барысында журналистер БАҚ-та жарияланған күмәнді сатып алуларға талдау жасала ма деген сауал қойды. Атап айтқанда, былтыр Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері сувенирлер сатып алғаны, сондай-ақ бірқатар әкімдіктердің қымбат автокөліктер алуға тапсырыс жариялағаны жөніндегі ақпараттар мысалға келтірілді.

– Министрлік БАҚ-та шыққан осындай күмәнді мемлекеттік сатып алуларға міндетті түрде мән береді. Сонымен қатар Мемлекеттік ішкі аудит комитеті әрбір күмәнді сатып алуға тексеру жүргізіп, өз қорытындысын шығарады. Егер сатып алу шынымен заңсыз деп танылса, комитет өз тетіктері арқылы оған тосқауыл қоя алады, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, күмәнді сатып алу дерегі анықталған жағдайда Мемлекеттік ішкі аудит комитеті сатып алу рәсімін зерделейді. Тексеру қорытындысы бойынша заң аясында шартты қайтарып алу, тоқтату немесе талаптарын өзгерту туралы нұсқама беріледі. Бұл нұсқамалар мемлекеттік органдар үшін міндетті болып саналады.

– Егер берілген нұсқама 5 жұмыс күні ішінде орындалмаса, Мемлекеттік ішкі аудит комитеті ден қою шараларын қолданады. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 207-бабында көзделген төрт негіздеме бойынша айыппұл салуға мүмкіндік береді, – деп толықтырды Даурен Кеңбеил.

Айта кетейік, артық шығындарды азайту үшін мемлекеттік сатып алу ережелері өзгертілді.

Соңғы жаңалықтар