Құмар Ақсақалов командалық ауыс-түйіс туралы: Бұрынғы жұмысымнан бірде-бір адамды шақырған жоқпын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қызмет ауыстырудағы команданы алып жүру туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Көптеген басшының басқа қызметке ауысқанда өз командасын алып баратыны жасырын емес. Құмар Іргебайұлы, Қостанай облысына барғаныңызға біраз уақыт болды. Қазірге дейін қаншалықты кадрлық ауыс-түйіс болды? Яғни, сіз Қостанайға өз командаңызды алып бардыңыз ба?» - деп сұрақ қойды тілшілер елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өз жауабында өңір әкімі барлық ауыс-түйіс бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырғанын айтты.

«Мен өзіммен бірде-бір адамды алып келген жоқпын. Менің принципім – қай жерде болса да жергілікті адамдармен жұмыс істеуіміз керек. Өзім Қостанай облысының тумасымын. Біраз азаматтарды көптен бері танимын. Отыз жыл бұрын істеген азаматтардың да потенциалын білемін. Әрине, уақыт талабына сай кейбіреулері жұмыстан алынады, ауысады, ол жұмыстың талабына сай болады. Ал команда болып, өзіммен бірге жұмыс істеген азаматтардың біреуін де алып келген жоқпын», - деп жауап берді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 желтоқсанында Құмар Ақсақалов Қостанай облысының әкімі лауазымына тағайындалған еді. Бұл лауазымға дейін Қ. Ақсақалов 5 жыл Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған.

Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов елордада 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде есеп беруде.


Соңғы жаңалықтар