Құмар Ақсақалов Қостанайдағы қуаңшылық салдарымен қалай күресіп жатыр

қуаңшылық
Фото: france24.com

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі қуаңшылық салдарымен қалай күресіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Кейінгі бірнеше жылда Қостанай облысының аумағында қуаңшылық болды. Біздің білуімізше, осы құрғақ жылдар ауыл шаруашылығының дамуына қатты әсер еткен. Келешекте осындай тегеуріннің алдын алу үшін не істеліп жатыр?», – деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, Қостанай өңірінің халқы әлі де климаттың өзгерісін тікелей сезініп келеді.

«Мысалы, кейінгі бес жылда Қостанай облысының аумағында құрғақшылық болды. Әсіресе 2019 және 2021 жылдар өте құрғақ болды. 2023 жылы керісінше, жер-көкті су алды. Тамыз, қыркүйек айларында 180 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл көпжылдық орташа нормадан 2,5 есе көп. Әрине, бұл бидай сапасына әсер етті. Сондықтан қазір кәсіпкерлерді ылғал үнемдейтін технология қолдануды насихаттауға әуре болып жатқан жоқпыз. Олардың «аузы күйді». Өздері-ақ ылғал үнемдейтін технологияларды қолданып жатыр. Біздегі алқаптың 2 млн гектарына ылғал үнемдеу тәсілдері қолданылады. Ол технологиялар қыстан бастап, қар түскен кезден басталуы керек. Бұл қарапайым технологиялар», – деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы өңірде суармалы жерді игеруге көңіл бөлінетінін еске салды.

«Сондай-ақ суармалы жерлермен де жұмыс істеу керек. Әзірге суармалы алқаптың ауданы 7 мың гектарды алып жатыр. Осы ауданды кемінде екі есе арттыру керек. Осындай жоспарымыз бар және мемлекет суармалы жер игеретін шаруалардың шығынын жеңілдететін шаралар қолданып жатыр», – деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар