Күн бетіндегі жарқылдың белсенділігі күрт артты

АСТАНА. KAZINFORM – 11 шілдеден бастап Күндегі жарқыл белсенділігі қарқынды түрде өскен. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы мен Сібір бөлімшесінің Қолданбалы және теориялық геофизика институты хабарлады, деп жазды ТАСС.

Күн бетіндегі жарқылдың белсенділігі күрт арттым
Фото: ТАСС

 Ғалымдардың айтуынша, 11–12 шілде аралығында, яғни екі тәуліктен аз уақыт ішінде Күн бетінде 17 жарқыл тіркелген. Бұл көрсеткіш шілде айымен салыстырғанда үш есе көп.

— Кешегі күннің ортасынан бастап Күн бетінде, соның ішінде Жерден көрінбейтін артқы жағында да, белсенді аймақтардың саны мен көлемі күрт өсті. Оларды қазір еуропалық Solar Orbiter аппараты бақылап отыр. Яғни, бұл — ғаламдық сипаттағы белсенділік, — делінген зертхана хабарламасында.

12 шілде күні таңертең Күннің сол жақ шетінде екі M деңгейіндегі (орташа қуатты) жарқыл тіркелді:

  • M1.4 қуатты жарқыл — 07:02–де (Мәскеу уақыты бойынша),

  • M2.3 қуатты жарқыл — 11:34–те тіркелді.

Ғалымдар қазіргі жарқыл белсенділігі Жерге тікелей қауіп төндірмейтінін айтты.

— Алдағы бірнеше күнде M деңгейіндегі жарқылдар саны артуы мүмкін. Алайда біз жеке ескерту хабарламаларын тек аса қуатты оқиғалар кезінде немесе Жерге әсер етуі мүмкін жағдайларда ғана таратамыз. Барлық жарқылдардың тізбегін зертхананың ресми сайтынан бақылауға болады, — деп қосты мамандар.

Еске сала кетейік, жуырда ғалымдар Джеймс Уэбб ғарыш телескобының көмегімен Күн жүйесінен тыс ғаламда тіршіліктің болуы мүмкін екенін меңзейтін қазірге дейінгі ең айқын дәлелді тапқанын жазған едік. Шалғайдағы экзопланета атмосферасынан тіршіліктің «химиялық ізі» анықталды.

Соңғы жаңалықтар