Күні бойы отырып жұмыс істеу омыртқаға зиян, маман қандай кеңес береді
Күні бойы кеңседе отырып жұмыс істеудің өз зияны бар, бұл ең алдымен омыртқаға үлкен жүк түсіреді. Алайда кеңседе ұзақ уақыт отырудың салдарын жоюға болады. ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова оңтайлы әдістермен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.

Сарапшының пікірінше, кеңседе күніне 7-8 сағат тапжылмастан отыру бұлшықеттің босаңсуына, қан тамырларының қысылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар омыртқа өзгеріп, ол бас ауруы мен буын ауруларына, тыныс алудың қиындауына алып келетін жағдайлар бар.
«Ғылыми зерттеулер барысында күніне 30-40 минут белсенді болу, жаттығу жасап, бір мезгіл жүру отырып істейтін жұмыстың зиянын едәуір төмендететіні анықталды. Ғалымдардың талдауына сүйенсек, физикалық белсенділігі төмен адамдар арасында мезгілсіз өлім көбейген. Ал күніне кем дегенде жарты сағатқа қимыл-қозғалыс жасау күні бойы отыруға байланысты болуы мүмкін аурулардың қаупін айтарлықтай төмендетеді», — деп жазды Людмила Бюрабекова өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Сарапшы күнделікті өмірде оңай қолдануға болатын қарапайым әрекеттерге мысал келтірді:
Таңертеңгілік жаттығулар: күн сайын 15 минуттық жаттығу денеге қуат беріп, көңіл күйді жақсартуға, қан қысымын қалыпқа келтіруге және метаболизмді жылдамдатуға көмектеседі.
Жаяу серуендеу: көлікті жұмыс орнынан алыстау қою, күндіз бірнеше рет аз уақытқа серуендеу шаршауды, мазасыздықты, күйзелісті азайтуға және тәбетті басуға көмектеседі.
Жұмыстағы белсенділік: орындықтан тұрыңыз, лифттің орнына баспалдақты пайдаланыңыз, электронды поштаның орнына әріптестеріңізбен бетпе-бет сөйлесіңіз.
Итпен серуендеу: үй жануарларын серуендету сізге қажетті белсенділік деңгейін сақтауға көмектесетін тамаша жаттығу болмақ.
Күлімсіреу: бет бұлшықеттерін үнемі жаттықтыру жағымды эмоциялар беріп қана қоймай, сонымен қатар стресті азайтады, кәсіби жетістіктерге жетелейді.