Күн ыстық, ас ауыр – ағзаңыз не дейді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – дұрыс тамақтану мен артық астан арылу күні. Жазда қандай тағамдарды жеу керек? Денсаулықты дұрыс күту үшін нендей тамақтарды тұтынған жөн? «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған нутрициолог маман жауап берді.

Жанна Нұрберген
Фото: Видеодан алынған скрин

– Жаз мезгілінде ауа райындағы температураның жоғары болуына байланысты біздің ағзамыз энергияны тез жоғалтады. Одан бөлек, күн ыстық болғандықтан ағзаның температурасы да жоғары болады. Мұндай уақытта жеңіл тамақтарды жеген дұрысырақ. Жазда ауыр тағамдарды көп жейтін болсақ, ол тамақтарды қорыту үшін ағзамыз тағы да көп энергия жұмсайды. Әдетте біз қыста май көп жеу керек, етті көп жеу керек деп айтамыз. Өйткені қыста күн суық болғандықтан ағза жылу бөледі. Сол себепті көп энергия беретін, құнарлы тамақтарды тұтыну қажет. Ал жазда керісінше, жеңіл, калориясы төмен тамақтарды жеген дұрыс, – дейді Жанна Нұрберген.

Маман жазда жеуге болатын тағамдарды да тізіп шықты.

– Күнделікті рационда міндетті түрде ақуыздар, майлар мен көмірсулар болуы керек. Көмірсулар – ол көкөністер, жеміс-жидектер, көк шөптер. Олар тамақтың тез қорытылуына әсер етіп, асқазанның моторикасын жақсартады. Одан кейін ақуызға бай тағамдардан жеңіл ақуыздарды ұсынамыз. Ауыр ақуыздар – олар жануар тектес ақуыздар. Ал жеңіл ақуыздар – өсімдік тектестер. Бұршақ тұқымдастар, түрлі дәнді-дақылдар, теңіз өнімдеріндегі ақуыздар өте жеңіл болады, – дейді дәрігер.

Дұрыс тамақтану десе, бірден артық салмақ ойға оралады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша елімізде 6–9 жас аралығындағы балалардың 21%-ы артық салмақпен өмір сүріп жүр. Ал жалпы қазақстандықтардың 19%-ы семіздікке шалдыққан. Нутрициолог артық салмақтан арылудың алғышарттарын айтып берді.

– Жалпы, арықтайтын кезде ең бірінші артық салмақтың себебін анықтау керек. Қандай да бір диетаны, ашығуды бастамас бұрын артық салмақ неден пайда болғанын анықтау қажет. Мүмкін ол дұрыс тамақтанбау болар немесе гормондық өзгерістер бар шығар, мүмкін бұл ағзадағы жетіспеушіліктің салдары шығар. Егер ағзада дефицит болса, сіз диетаға отырып, жағдайды одан сайын ушықтырып алуыңыз мүмкін. Сол себепті кез келген уақытта, кез келген мезгілде артық салмақтан арылу үшін ең бірінші оның себебін анықтап алу керек. Және оның себебімен ғана күресу керек. Кей адамдар диетаны дұрыс тамақтанумен шатастырып жатады. Ал бұл екеуінің арасы жер мен көктей, – дейді студия қонағы.

Ал керісінше, салмақ қосу үшін қалай әрекет ету керек? Жанна Нұрберген бұл сұраққа да жауап берді.

– Салмақ жетіспеушілігі мәселесін де ең әуелі анализ тапсырудан бастау керек. Салмақ жеткіліксіздігіне көбіне анемия, гипоксия, ағзадағы паразиттер, ас қорыту жүйесіндегі ауытқулар себеп болуы мүмкін. Анализдердің бәрін тапсырып, анықтағаннан кейін дұрыс тамақтану, ақуызға бай тамақтар жеу арқылы салмақ қоса аламыз. Оған қосымша спортпен айналысып, бұлшықет жинау керек, – дейді ол.

Дәрігер жылдың кез келген мезгілінде D3 дәруменін ішу маңызды дейді. Алайда бұл витаминді ішкенмен іс бітпейтін көрінеді. Ол ағзаға сіңіп, дұрыс әсер ету үшін тағы да дұрыс тамақтану қажет екен.

– Қазір біз қарапайым тағамдар арқылы қажетті дәрумендерді ала алмай жатырмыз. Оған себеп – дұрыс тамақтанбау, тағамның сапасыздығы және тағы басқа жағдайлар. Жалпы, дәрумен біздің ағзамыз дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. Мен барша қазақстандықтарға ескерткім келеді: D3 дәруменін міндетті түрде ішу керек. Көбісі жазда біз күннің әсерінен D3 дәруменін онсыз да аламыз, дәрумен ішпей-ақ қойсақ болады деп ойлайды. Жылдың қай мезгілі болмасын бұл витаминді ішу қажет. Себебі ол біздің ағзамыздан күн сайын шығындалып отырады. Шығындалған дәруменнің орнын міндетті түрде толтырып отыруымыз керек. Тіпті жыл он екі ай жаз болатын Африкада да D3 дәрумені 85% жеткіліксіз. Не себепті? Себебі бұл дәрумен терінің астына күннің түсуі арқылы синтезделеді. Бірақ ол синтезделу үшін біздің ағзамызға пайдалы майлар керек. D3 дәрумені – майда еритін дәрумен. Яғни омега-3 май қышқылдары, балық майы қажет. Витамин ағзамыздағы сапалы майлы тағаммен араласуы керек. Оған қоса, витамин ағзаға толық сіңу үшін асқазан-ішек жолымыз мінсіз жұмыс істеуі қажет. Демек, құр күннен біз қажетті витаминді жеткілікті деңгейде ала алмаймыз, – дейді Жанна Нұрберген.

Еске сала кетейік, өткен жолы мамандар еліміздегі балалар арасында семіздік белең алғанын айтып, дабыл қаққан еді. 

Соңғы жаңалықтар