Күн ыстық, су жоқ — БҚО-да ауыл тұрғындары шағым жасады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы орталығы Теректі ауылында судың жоқтығы жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды.

Instagram әлеуметтік желісінде ауыл тұрғынының мәлім еткеніндей, күн ыстық, Теректіде су жоқ. Тұрғын аудан халқының сусыз, ал кейде жарықсыз отырғанына наразы.
Осыған байланысты Теректі ауданы әкімдігінен жауап берді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда тәулігіне 800 текше метр су беретін 6 ұңғыма тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Әйтсе де ауа температурасының жоғарылауына байланысты тұтыну тәуліктік қорға қарағанда 20 пайызға өсті.
Соның салдарынан ауылдың жоғарғы жағындағы тұрғындарға судың қысымы уақытша жетпей жатыр. «Теректі — Таза су» ЖШС тарапынан жоғары жақтағы судың қысымын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, температура 30 градустан асқан жағдайда 1 100 текше метр су керек. Ал 25 градус болғанда, су жетеді.
— Теректі ауылында су бар. Алайда тұрғындар қазіргі уақытта ауыз суды бау-бақша суаруға, басқа мақсатқа пайдалануда. Сол себепті су қысымы төмендеп кетеді. Биыл маусым айында қаржы бөлініп, «Жайықгидрогеология» ЖШС мамандарының қатысуымен үш ұңғыма тазаланды. Су мол жетті. Бірақ күн қатты ысығанда, судың жетпеуі Теректі ауылында отыз жыл бойы қайталанып келеді, — деді Kazinform тілшісіне Әлия Биғазықызы.
Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада күн қатты ысып кетті.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес 13 шілдеде Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Күндіз 35 градус қатты ыстық. Облыстың батысы мен оңтүстігінде 40 градусқа жетуі ықтимал.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады.
Өңірде жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбыр ауыстыруға байланысты 200-ден астам абонент ыстық сусыз қалғанын жазған едік.