«Құнанбай» Астанаға келді» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Алматы облысындағы «Алматы - Талдықорған» автожолының бөлігінде БАҚ өкілдері «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жол құрылысының жұмыстарымен танысты.
Өткен жылы республикалық маңызға ие автомобиль жолдары торабын дамытуға 174 миллиард теңге бөлінген болса, оның ішінде 41,2 миллиард теңге Алматы облысының еншісіне бұйырған-ды. Ол жалпы бюджеттің 24 %-ын құрайды. Биылғы жылы жалпы автожол құрылысына Республикалық бюджеттен 234 миллиард теңге бөлініп, оның ішінде Алматы облысының үлесіне 47,8 миллиард теңге шығып отыр. Биылғы жылы 306 шақырым автожол бойында жұмыстар жүргізіледі, 265 шақырым жол қайта қалпына келтіріліп, 41 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жыл соңына дейін 98 шақырым жаңартылған жол пайдалануға берілетін болса, ол үшін 946 дана техника мен 1 767 адам жұмысқа тартылып отыр. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің қарыз беруі арқылы «Алматы-Қорғас» автожолының бөлігінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жайында «Арқарлы асуы айқара ашылды» деген мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Қатарынан 20 нокаут!» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өткен жексенбі күні таңертең қазақстандық кәсіпқой боксшы АҚШ-та өзінің 33-ші жекпе-жегін өткізіп, тағы да мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол бұл жолы америкалық былғары қолғап шебері кіші Вилли Монромен WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін шайқасты 6-раундта аяқтады. Біздің бағлан осы арқылы атақты Майк Тайсонның тағы бір рекордына өзгеріс енгізді.
Жекпе-жек Американың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласының «Форум» спорт аренасында өтті. Геннадий Головкин әдеттегідей ұрыстың басынан алға ұмтылып, қауырт шабуылға көшті. Ол айқастың басында-ақ Монроны теңселтіп жіберетіндей бірнеше жойқын соққылар беріп тастады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, оқулықтардың сапасы үшін оның авторлары, министрлік қызметкерлері, тіпті министрдің өзі дербес жауапкершілік арқалауы қажет. Кеше Парламентте өткен «Үкімет сағатында» Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева осындай пікір айтты: «Дербес жауапкершіліктің жоқтығы кесірінен оқулық жазуға формальды, бей-жай қарау орын алуда. Нәтижесінде, сапасыз оқулықтарға бюджеттен қаржы босқа шығындалуда. Сондықтан қазір жаңа оқулықтарды ендіруге асықпаған жөн. Бір жылға болса да кейін шегеріп, мұқият қарап, тек сапалы оқулықтарға ғана өмірге жолдама берейік», - деді ол.
Кеше депутаттар алдына «оқулықтардың сапасы және оқулықтармен қамтамасыз ету» тақырыбында есеп беруге келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке депутат Жексенбай Дүйсебаев қызық бір жұмбақ қойды: «Сіздің оқулықтарыңызды қарап, таңғалып отырмыз. Мында 1 сынып оқушылары үшін бір жұмбақ жазыпсыздар: «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» дейді. Бұл жұмбақ па, мәтел ме, әлде не? Біз әріптестерімізге, бір-бірімізге осы жұмбақты қойып, шешімін таба алмадық!» Оның жауабын министр де айтпады. Бұл жайында «Ойды - онға, сананы - санға бөлген оқулық» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Құнанбай» Астанаға келді» деген мақала жарияланды. Ақын Абайдың, хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірі өзек болған «Құнанбай» тарихи көркем фильмі Астанада көрсетілді. Бұған дейін Құнанбайдың кіндік қаны тамған топырақта - Семей өңірінде тұсауы кесілген фильмді елордамызда алғаш болып БАҚ өкілдері тамашалады. Іле баспасөз мәслихаты өткізілді.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған фильмнің режиссері - Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері Досхан Жолжақсынов. Фильм сценарийін Досхан Жолжақсынов пен арамыздан ерте кеткен жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Тарихи драманың басты рөлін - Досхан Жолжақсынов, Зере рөлін - Нұрсифат Салықова, Абайды - Әліби Сырайлы, Барақ сұлтанды - Айдос Бектеміров, Күңкені - Майра Омар, Ұлжанды - Қарагөз Сүлейменова сомдады.
Қасиетті Шыңғыстаудың Ақшоқы қыстауында дүниеге келген дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлы өмірінің бір кезеңін қамтитын фильмді көрерменнің ә дегенде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен» салыстыратыны заңды. Осы тұста ескерер жайт, фильм аталған роман желісіне сүйенбеген.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мәтін тізбесіне мән беретін кез келді...» деген мақала берілген. Қазіргі жаһандану кезеңінде әртүрлі саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастарға байланысты ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған қарқынмен өршуде. Ал қоғам өміріндегі мұндай ақпарат ағымының таралуы табиғи тілде жүзеге асатындықтан, тіл білімінің қызметі күннен-күнге кеңеюде. Осыған байланысты ұшы-қиырсыз ақпарат ағынын игеру мақсатында шетел және орыс тіл білімінде орасан зор нәтиже беріп отырған тілдік корпустарды қазақ тіл білімінің материалдары негізінде жасау бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр.
«Сонымен қазақ тілінің Ұлттық корпусын жасау үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында арнайы орталық құрудың қажеттігі мен оның алғышарттарын атап көрсеттік. Ал мұндай ауқымды іске мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, біртұтас қазақ тілінің Ұлттық корпусын құрастыру ісі алға басатыны сөзсіз. Мұндай Ұлттық құндылықты жасап шығару бүгінгі қазақ тіл білімінің ғана емес, қоғамның болашаққа қояр талаптарының бірі деп білеміз», - деп жазады автор.