Күнде M1.1 санатындағы қуатты жарқыл тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 17 қарашада Күнде M1.1 санатындағы жарқыл тіркелді. Ол 14 минутқа созылған, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Күнде M1.1 санатындағы қуатты жарқыл тіркелді
Фото: РҒА Күн астрономиясы институты

Бұл туралы Қолданбалы геофизика институты хабарлады.

Мекеме мәліметінше, 17 қарашада Мәскеу уақытымен сағат 18:49-да Күн дақтарының 4578 тобында (S11W66) рентген диапазонында M1.1 санатындағы жарқыл тіркелген. Оның ұзақтығы 14 минут болған.

Күн жарқылдары рентген сәулеленуінің қуатына қарай бес санатқа бөлінеді: A, B, C, M және X. Ең төменгі A0.0 санаты Жер орбитасындағы бір шаршы метрге 10 нановатт сәулелену қуатына сәйкес келеді. Келесі әріптік санатқа өткен сайын сәулелену қуаты 10 есе артады.

Күн жарқылдары плазманың лақтырылуымен қатар жүруі мүмкін. Плазма бұлттары Жерге жеткен жағдайда магниттік дауылдарды тудыруы ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін тәулік ішінде Күнде 29 жарқыл тіркелгені хабарланды. 

Сондай-ақ осы айдың басында Жерде G2 деңгейіндегі магниттік дауыл тіркелгенін жаздық.