18:02, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Күні кеше дефолттың алдында болған банктер бүгін экономикадағы іргелі мәселелерді шешуге тартылып отыр
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Заман талабына сай мемлекеттің бақылауына өткен еліміздегі ірі қаржы ұйымдары - «БТА банк» пен «Альянс банктің» алдағы бірнеше жылда қандай мәселелермен шұғылданатыны нақтыланды. Бүгінгі селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «БТА банк» Үкіметтің құрылыс секторын және агроөнеркәсіп кешенін қолдау бағдарламасы бойынша операторы болып анықталғанын мәлімдеді.
Бұларға қоса, банк ипотекалық нарықты тұрақтандырудағы басты операторлардың бірі болады. Бұл нарықта барынша жеңіл шарттармен ағымдағы ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыру жоспарланып жатқаны белгілі. Жоғарыдағы үш мәселеге қатысты шаруаның тігісін жатқызып, иінін қандыру үшін БТА-ға 43 млрд. теңге бөлінеді. Ал «Альянс банк» болса, ендігі жерде шағын және орта бизнесті несиелеу мәселесін мықтап тұрып қолына алады. Бұл банк арқылы шағын және орта бизнесті несиелеу үшін 18 млрд. теңге бағытталады. Бұлардан бөлек, қос банк те жеке қаржыларының, сондай-ақ Үкімет пен мемлекеттік компаниялар беретін ақшалардың есебінен экономиканы қаржыландыру жұмысын жалғастырады. Яғни, «Самұрық-Қазына» қоры және оның құрамындағы құрылымдар «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкінен» бөлек, мемлекеттің акциялар пакеті бар «БТА банкі» мен «Альянс банкіне» қомақты қаржы аударатын болады. Үкімет осы іс-қимылдардың нәтижесінде аталмыш банктердің мейлінше күшті әрі тиімді болатындарына, Қазақстан экономикасын барынша көп несиелейтіндеріне және сыртқы қарызға соншалықты тәуелді болмайтындарына сенім артуда. Осылайша, мемлекеттің араласуының арқасында дефолтқа ұшырамай, Қазақстанның қаржы нарығындағы орындарын сақтап қалған жоғарыдағы қаржы ұйымдарына (БТА, Альянс) дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнесті дамытып, құрылыс секторындағы проблемаларды шешуде, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін кемелдендіруде басқаларына қарағанда ауқымдырақ жауапкершілік жүктеліп отыр. Межеленген мәселелерді шешу үшін банктер мемлекет тарапынан жеткілікті ресурстармен қамтамасыз етілді. Үкімет тіпті экономиканың нақты секторындағы әрбір салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың механизмдерін нақтылап, жұмыстың жүйесін құрып қойды. Ендігі мәселе қаржы ұйымдарындағы топ менеджерлердің іскерлігіне, шаруаның ебін тауып, шырайын келтірулеріне байланысты. Мәселен, шағын және орта бизнес саласын қолдау жөніндегі шаралар жайында айтсақ. Осыдан екі күн бұрын, ақпанның 14-інде Алматыда «Самұрық-Қазына» қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тұрақтандыру бағдарламасының шағын және орта бизнестің жобаларын қаржыландыру жөніндегі үшінші траншын жүзеге асыру аясында екінші деңгейлі 12 банкпен жалпы сомасы 117 млрд. теңге болатын бас несиелік келісімге қол қойды. Сөйтіп, кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер арқылы жылдық үстемақысы 12,5 пайызбен 117 млрд. теңге бөліп отыр. Шағын және орта бизнесті несиелейтін 12 банктің тізімі және оларға берілетін қаржының шегі Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның биылғы жылғы қаңтардың 27-сінде және ақпанның 10-да болған отырыстарында анықталған болатын. Ол қаржы ұйымдары мыналар: Қазкоммерцбанк, Халық банк, БТА банк, Альянс банк, АТФ банк, Центр Кредит банк, КаспийБанк, Нұрбанк, Еуразиялық банк, Цесна банк, Астана-Финанс банкі және Жинақ банкі. Бұлардың ішінде шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу үшін «БТА банк» (22 млрд. теңге) пен «Альянс банкіне» (18 млрд. теңге) қаржы көбірек беріліп отыр. Яғни, ендігі жерде кәсіпкерлердің қаржыдан тапшылық көрмей, бастаған істерін аяғына дейін жеткізуде осы екі қаржы ұйымы мейлінше жауапты. Есте болса, осыдан 1-2 ай бұрын кәсіпкерлерге несиені 14 пайызбен беру жөнінде әңгіме өрбіген болатын. Девальвациядан кейінгі бірқатар өзгерістерден соң Үкімет тиімді ставканы қайта қарап, оны 12,5 пайызға төмендету жөнінде шешім қабылдады. Бұл дағдарысқа дейінгі кезеңде берілген несиенің пайыздық деңгейінен төмен. Бұдан бөлек шағын және орта бизнесті несиелеу мерзімі - 7 жылға ұзартылды, ал бір қарыз алушыға берілетін қаржының көлемі - 750 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Кәсіпкерлерге қарыз негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу, айналымдағы қаржыларын толықтыру және қолданыстағы заемдарын қайтадан қаржыландыру үшін беріледі. Егер кәсіпкер айналымдағы қаржысын толықтыру үшін қарыз алған болса, негізгі қарызын жарты жылдың ішінде, ал басқа мақсаттар үшін қарыз алған жағдайда оны бір жылдың ішінде өтеуі тиіс. Осы өзгерістерді ескере отырып, екінші деңгейлі банктермен арадағы келісім де қайтадан қаралды. Мәселен, дағдарысқа қарсы бағдарламаға сәйкес, шағын және орта бизнеске арналған қаржының бір бөлігін ауылшаруашылық тауарын өңдеушілерді несиелеуге бағыттау шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу бойынша ешқандай салалық шектеулерді қарастырмайды. Шағын және орта бизнесті несиелеу жөніндегі бағдарлама бүгіннен бастап іске қосылды. Демек кәсіпкерлер өздеріне қажетті несиелік ресурстарды алу үшін жоғарыдағы айтылған екінші деңгейлі банктерге өтініш берулеріне болады. Сонымен қатар, сенбіде Алматыда «Самұрық-Қазына» қоры мен екінші деңгейлі банктер арасында жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу және тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтау үшін қаржыны дер кезінде ұйымдастыру бойынша өзара іс-қимыл туралы келісім жасалды. Келісімге сәйкес, жұмыс екі бағытта жүреді. Бірінші бағыт бойынша, банктер тұрғын үй кешендерін құрылысын ақтау үшін қаржы бөледі. Одан кейін тұрғын үйлердегі пәтерлер жеке тұлғаларға бекітілген баға бойынша ипотекаық несиелеу арқылы сатылады. Оған сәйкес, Астанада қара сылақты пәтерлердің бір шаршы метрінің құны ? 98 мың теңгеден, ал Алматыда - 120 мың теңгеден аспауы тиіс. Екінші бағыт бойынша, банктер жоғарыдағыдай тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға қаржы бөледі. Сосын құрылысы аяқталған тұрғын үйлердегі пәтерлер ипотекалық несиелеу арқылы еркін бағамен сатылады. Бағаны құрылыс салушы компания белгілейді. Бұл ретте банк құрылыс компанияларымен бірлесіп тұрғын үй кешеніндегі сатылмаған пәтерлердің кем дегенде 30 пайызын алуға келісімін берген пәтер сатып алушылардың «пулын» жасайды. Барлық тиісті құжаттар ұсынылған соң «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыруды бастайды. Дағдарыстың кесірінен, елімізде тұрғын үйден бөлек, басқа да мақсаттарға арналған көптеген нысандардың құрылысы тоқтап қалғаны белгілі. Жоғарыда «БТА банк» Үкіметтің құрылыс секторын қолдаудағы операторы болып анықталғанын айттық. Демек, Қазақстан нарығындағы жетекші құрылыс компаниялары енді басқа қаржы ұйымдарына қарағанда «БТА банкпен» қоян-қолтық жұмыс істей бастайды деген сөз. Бұл қаржы ұйымының агроөнеркәсіп кешенін қолдауда да оператор болып белгіленгенін ойға бір алып қойсақ, оның таяу болашақта Қазақстан нарығындағы рөлі мен маңызы арта түсетінін аңғару қиын емес.
Осылайша жуырда ғана тағдырлары қыл үстінде болған «БТА банк» пен «Альянс банкі» мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде аяқтарына мығым тұрып қана қоймай, экономикадағы іргелі проблемаларды шешуге жұмылдырылып жатыр. Еліміз экономикасының нақты секторындағы негізгі салалардың тыныс-тіршілігі, қимыл-қозғалысы бір-бірімен тығыз байланысты болған, келешекте де солай болып қала береді. Олай болса, дағдарыс кезінде мемлекеттің аталмыш қаржы ұйымдарының негізгі акционері атануын дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп санауға болады. Бұл елімізге экономикалық тұрғыдан да тиімді.