Құны түсіп кетті - KASE «Қазақтелеком» акцияларының саудасын тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан қор биржасы (KASE) «Қазақтелеком» АҚ қарапайым акцияларының саудасын тоқтатқанын хабарлады. Бұған оның құны 31,51%-ға төмендеп кетуі себеп болған, деп жазады Kazinform агенттігінің тілшісі.

— 2025 жылғы 21 мамырда жасалған соңғы KZTK мәмілесінде бір акция бағасы 58 400,00 теңге болды. Ал 2025 жылғы 22 мамырда бір акцияның құны 39 999,99 теңгеге түсіп кетті, содан кейін KZTK акциясының саудасы тоқтатылды, — делінген KASE хабарламасында.
Ұлттық компания акциялары KASE-нің ресми тізімінде «Премиум» санатында ұсынылған болатын. Алайда, биржалық қызметті жүзеге асырудың ішкі ережелеріне сәйкес, егер акция бағасы 30%-ға және одан көп төмендесе, сауда автоматты түрде тоқтатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қор нарығына шығарылған Air Astana акциялары әуелгі бағасынан 30 пайызға жуық арзандағаны жайлы жазған едік.