Күнім, сен сөнбеші: Ернар Айдардың клипіне арқау болған атыраулық жұп сәби сүйді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Әнші Ернар Айдардың «Күнім, сен сөнбеші» клипіне түскен атыраулық жұп сәбилі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында тұратын Марлен Нұрғасенов пен Әнел Мұратованың ғашықтық хикаясы әнші Ернар Айдардың «Күнім, сен сөнбеші» клипіне арқау болған. Жақында олар ұзақ күткен сәбиін қолдарына алды.

«Алланың құдіретіне шек жоқ қой. Кім ойлаған, біз әке, ана боламыз деп? Алланың қалауымен әке, ана бақытын сезіндірген балапанымыз өмірімізді 360 градусқа өзгертті. Алладан сұрап алған ботақанымыз – 10 жыл күткен сәбиіміз», - деп жазды Әнел Мұратова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әнел 2009 жылы ауыр жертке шалдығып, оттегі баллонымен жүруге мәжбүр болған. Ақтөбе, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларындағы дәрігерлерге барып, 7 жылдай емделген. Сырқатына байланысты бір өкпесін алып тастаған. Күніне 20-дан астам дәрі-дәрмек қабылдаған оның асқазаны, жүрегі сыр берген. Ресейден келген профессор «Әнелдің өмір сүруге 30 пайыз мүмкіндігі бар. Оған ота жасауды ешкім жауапкершілігіне алмайды» деген. Марлен Нұрғасенов бұл тұжырыммен келіспеген. Сүйіктісінің жанында болып, оттегі баллонын тасымалдаған. Тіпті, ауруханаға да бірге түнеген.

Қос ғашық 2015 жылы үйленіп, Қарағанды қаласында неке қидырған. Содан бері сәби күтіп жүр еді. Жақында өмірге келген тұңғыштарына Дінмұхаммед есімін берді.


Фото кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Соңғы жаңалықтар