Құны 25 млн теңгені құрайтын ноутбуктер ұрлаған қылмыскерлер сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР көлік полицейлері жалпы сомасы 25 млн теңгеге бағаланған ноутбуктер ұрлығын ашты, деп хабарлады көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Полицейлердің деректеріне сәйкес осы жылғы сәуірдің 13-інен 14-іне қараған түні Қарағанды облысы «Доңғал-Ақадыр» стансасы аралығында белгісіз біреулер «ҚХР-Германия» бағытына жөнелтілетін контейнерден 342 дана «ASUS» маркалы ноутбукті қолды еткен.
Осылайша, «ҚТЖ ҰК» АҚ-ға жалпы сомасы 25 102 757 теңге материалдық шығын келтірілді. «Көліктегі ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 7 адамнан тұратын топты ұстады.
Тергеу барысында күдіктілер айғақты дәлел берді. Заттай айғақтар тәркіленді. Шет ауданының №2 аудандық сотының үкімімен ұсталған адамдар ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлім 3-тармақ бойынша мүліктері тәркілене отырып, 5-тен 9 жылға дейін түрлі мерзімдерге сотталды», - делінген хабарламада.