Құпия қаладан заманауи ғылыми орталыққа дейін: Курчатов қалай түрленді
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Қазақстандағы атом өндірісінің болашағын халық айқындайтын АЭС құрылысы жөніндегі референдум күні сәт санап жақындап келеді. Сарапшылардың пайымынша, оң шешім қабылданса стратегиялық маңызы бар нысан Курчатов қаласында бой көтеруі мүмкін. Kazinform тілшісі қаланың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, атом электр станциясы салынатын болса оны қандай өзгерістер күтетінін саралап көрді.

Курчатов Абай облысында орналасқан және КСРО ядролық зерттеулер тарихымен тығыз байланысты шаһар. Қала 1947 жылы жабық ғылыми қалашық ретінде құрылып, атом бағдарламасының негізін қалаушы Игор Курчатов құрметіне аталған.

Құпия елді мекен ядролық сынақ алаңына айналып, Семей полигонының құрамына кірді. Бұл ауданның Кеңес Одағы үшін маңызды стратегиялық объектке айналуына әсер етті.
КСРО құлағаннан кейін Қазақстан тәуелсіз ел болып, Семей полигонын жапты. Курчатов қаласы да өзінің құпия қала мәртебесін жоғалта бастады. Өткен шағына қарамастан қала өзіне жаңа даму жолын іздей бастады.
Бүгінде Курчатов ядролық энергетика және радициялық қауіпсіздік саласында зерттеулер жүргізетін маңызды ғылыми орталық. Қалада атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданатын Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы орын тепкен.

Бүгінгі Курчатов
Қала әскери ядролық дәуірден атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануға дейінгі кезеңнің куәгері, нышаны іспеттес. Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевтің айтуынша, тұрғындар шаһардың атом электр станциясының осында салыну мүмкіндігіне оң пікір білдіріп жатыр. Қаланың ядролық әлеуеті АЭС салуға қатысты талаптардың барлығына сәйкес келеді. Құрылыс ауданның дамуына ықпал етіп, талай адамды жұмыспен қамтып, инвестиция тартуы мүмкін.
— Ертістің сол жағалауында орналасқан Курчатов қаласының дамыған автомобиль және теміржол инфрақұрылымы, жоғары инвестициялық әлеуеті және атом өнеркәсібіндегі әлемге мойындалған білікті кадрлары бар. Атомшылар қаласы — Курчатовты АЭС салуға әлеуеті жететін аумақ ретінде қарастыруға болады, — деді Болат Әбдіралиев.

2005-2023 жылдар аралығында қала тұрғындарының саны екі есеге өсті — уақытша келушілер мен вахталық жұмысшыларды қосқанда 12 000 адамға жетеді. Ал әрбір экономикалық белсенді төртінші тұрғын Ядролық орталықта жұмыс істейді.
Жергілікті өнеркәсіп орындарында жақын маңдағы ауылдық округтердің халқы да еңбек етеді. Жалпы алғанда Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, жеке көрсеткіштерде өсім байқалады.
Қала бойынша тау-кен өндіру және өңдеу салаларында «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Азот» ӨК, «Мерусар и К» ЖШС филиалы және «КИП „Луч“ ЖШС зауыттары мен фабрикалары бар.

Дамыған автомобиль және теміржол инфрақұрылымына, еркін электр қуатына ие Курчатов қаласы инвестиция тартуда әлеуетті саналады. Жақында «Altyn Group Qazaqstan» ЖШС мыс-алтын рудасын өндіру бойынша өңдеу зауыты, «BETA IZOL» ЖШС мұнайлы суасты және фотоэлектрлік кабельдер өндірісі, құм-қиыршық тас қоспасын өндіретін кен орны іске қосылды. Кальциленген сода өндіретін зауыт салып, арнайы кокс шығаратын кешен құру жоспарланып отыр.

2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында Курчатов қалалық әкімшілігінің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 1,7 млрд теңге тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуға, 498 млн теңге — өңдеу өнеркәсібіне, 52 млн теңге — тамақ өндіруге, 671 млн теңге — жиһаз өндіруге, 700 млн теңге — электр энергиясын өндіруге және бөлуге тиесілі.
Курчатов қаласының облыстағы негізгі капиталға инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады. Оның жартысы, шамамен 507 млн теңгесі — кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке, тағы 307 млн теңгесі — көлік пен қоймаға тиесілі.

2024 жылғы 31 наурыздағы облыстық маңызы бар қала бюджетінің атқарылуы туралы есептің деректері бойынша Курчатовтың бір жылдық кірісі 2,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде салық — 1,9 млрд теңге.
Бұл ретте жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге — 319 млн теңге, қорғанысқа — 6,8 млн теңге, әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге — 213 млн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызмет көрсетуге және елді мекендерді абаттандыруға — 380 млн теңге жұмсалады. Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке — 269 млн теңге бөлінеді.

Айта кету керек, Ядролық физика институты 1957 жылы Алматыда құрылған. Бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстандағы жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы, онда ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклі, атап айтқанда іргелі, қолданбалы зерттеулер, технологиялар әзірлеу және өндіріс жүргізіледі.

Институт мамандары жаңа буын ядролық реакторлары мен термоядролық реакторларға арналған материалдарды сынаумен айналысады, медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде ядролық технологияларды пайдаланады.


