Құрбан айт: Қарағандыда құрбандық шалатын орындар анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Құрбан айт кезінде мал союға арналған орындар анықталды. Қала бойынша құрбандық шалу үш орында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрбан айт: Қарағандыда құрбандық шалатын орындар анықталды

Қарағандыда мал союға арналған үш орын анықталды. Олар келесі мекенжайлар бойынша орналасқан:

- Резник көшесі, 18 (ЖК А. Әбішева)

- Гоголь көшесі, 2/23 («Арай KZ» ЖШС)

- С. Сейфуллин көшесі, 53 («Хасенов» ШҚ).

Айта кетсек, биыл Құрбан айттың бірінші күні 28 маусымға келеді, мереке үш күнге созылады.

Сондай-ақ, құрбандықты сайт арқылы онлайн режимде шалуға болады. Қарағандылықтар офлайн және онлайн құрбан шалу туралы толығырақ 8-702-131-03-12 телефоны арқылы біле алады.

«Құрбан айтта біз мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ өтініш берген ұйымдарға, мысалы зағиптар қоғамына, қарттар үйлеріне және басқаларға құрбандыққа шалынған малдың етін таратамыз. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен басқа да қайырымдылық акциялары өтеді», - дейді «Зекет және қайырымдылық» қорының Қарағанды облысы бойынша өкілі Мирас Қасымов.

Ал, облыстық санитариялық бақылау департаментінің мамандары Құрбан айт кезінде ережелерді сақтау керектігін еске салды.

«Құрбан айт» мерекесіне арналған іс-шара қарсаңында Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті құрбандық шалу үшін жануарларды қолданыстағы талаптарға сәйкес ЖАО-мен келісілген сою алаңдары аумағында союды, құрбандық шалу орындарында үй-жайлар мен іргелес аумақты дезинфекциялауды, мал сою орындарына санитарлық өңдеу жүргізу, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, санитариялық-ветеринариялық талаптарды сақтау, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбандық малдарының етін) тасымалдау және сақтау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық қағидалардың талаптарын сақтау керектігін ескертеді», - деп жазды Қарағанды облыстық СЭБД әлеуметтік желілердегі хабарламасында.