Құрбан айт кезінде қандай сақтық шараларын есте ұстаған жөн — дәрігер кеңесі

мешіт, мечеть, ай, луна
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алдағы демалыс күні барша мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Осы орайда Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова құрбан шалу кезінде қатаң сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертті. 

— Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында мұсылман қауымының басы қосылып, үй жағдайында, мешітте немесе қоғамдық тамақтану орындарында «құдайы тамақ» беріледі. Осындай іс-шараларды өткізу барысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың, жаппай тамақтан улану және жедел ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері санитарлық талаптарды сақтауды ұсынады, — деді Гаухар Каткенова.

Құрбан айт кезіндегі талаптар:

Мал сату, сою бекеттерінде:

— құрбандыққа шалынатын малдарды сату мен союды арнайы орындарда және әрбір жануарлардың тиісті ветеринарлық құжаттары (ветеринарлық паспорт, құлақ сырғалары) болған жағдайда ғана іске асыру;
— мал сою орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақтау (ауыз су, лас су жүйелерінің болуы), мал сою барысында шыққан қалдықтарды уақтылы залалсыздандырылып, шығару;
— қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі және медициналық кітапшаларының болуы, жеке бас гигиенасын сақтау қажет.

Үй жағдайында:

— қонақтардың қол жууына жағдайдың болуы;
— тамақтану бөлмелерінің ауасын жиі тазарту;
— шикізат пен тамақ өнімдерін қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алу;
— үй жағдайында дайындалған консерві (салаттар, ет, құс, балық, саңырауқұлақ және т. б.) өнімдерін пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
— ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет, сақтау талабы бұзылса, келесі күні пайдаланбаған жөн. 

Алматының санитар дәрігерлері жоғарыда аталған талаптарды сақтамау халық арасында тамақтан улану, аса қауіпті және жіті ішек инфекцияларының пайда болуына ықпал етуі мүмкін екенін еске салады. 

Соңғы жаңалықтар