Курчатовта жаңа электр станциясы салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде және 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Курчатов қаласында қуатылығы 700 МВт болатын жаңа конденсациялық электр станциясы салынады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Жоба «таза көмір» технологиялары негізінде, будың аса критикалық бу параметрлері бойынша станцияның жұмыс режимімен іске асырылатын болады. Оның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 4 мыңға жуық және станция пайдалануға берілгеннен кейін 400-ге дейін жұмыс орны ашылады.
Осы жоба аясында шығарындыларды тазарту мен сүзудің, сондай-ақ шаңды басудың заманауи технологияларын қолдануға ерекше назар аударылады. Жоба қолданыстағы Экологиялық кодекске және ЕҚТ (ең озық қолжетімді технологиялар) нормаларына сәйкес, әлемдік стандарттар деңгейіндегі газ тазалау жүйелерін орнатуды көздейді.
Конденсациялық көмір электр станциясының құрылысы бюджет қаражатын тартпай, электр қуаты нарығының қолданыстағы механизмі шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Еске салайық, былтыр жыл соңында Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт күн электр станциясының (КЭС) құрылысы аяқталды.