Күрдтер мен Сирия үкіметі сириялықтарды аль-Холь лагерінен қайтаруға келісті
АСТАНА. KAZINFORM - Сирияның солтүстік шығысындағы күрд автономиясы билігі дүйсенбі күні Дамаскінің өтпелі үкіметімен Аль-Холь лагерінен сириялық азаматтарды эвакуациялау туралы келісімге қол жеткізгенін хабарлады, деп мәлімдеді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аль-Холь ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымына қатысы болуы мүмкін ондаған мың адам отырған ірі аймақ.
Күрд әкімшілігі өкілінің айтуынша, лагерден отбасыларды қайтарудың бірлескен тетігін құру туралы келісімге қол жеткізілген. Келіссөздер жергілікті билік өкілдері, орталық үкімет пен АҚШ басқаратын ДАИШ-пен (Қазақстанды тыйым салынған ұйым) күрес жөніндегі халықаралық коалиция делегациясының қатысуымен өткен.
Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа лагерді басқаруды орталық билікке беру мәселесі талқыланбағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе Дамаск үкіметімен де, халықаралық серіктестермен де талқыланбаған.
Сириялықтарға келсек, бұрын күрдтердің бақылауындағы елді мекендерге қайтуға ниет білдіргендерді қайтару тетігі бар болатын. Бұл аймақтарда реинтеграция орталықтары жұмыс істейді. Алайда бұл - Сирия азаматтарының Дамаск үкіметінің бақылауындағы аймақтарға қайтуына қатысты жасалып отырған алғашқы ресми келісім.
Бұл желтоқсан айында оппозиция шабуылының арқасында Башар Асадты биліктен кетіріп, елді басқарып отырған Мысырдың жаңа биілігі мен күрд билігінің ынтымақтастықты кеңейтуге күш салу кезінде жасалған келісім.
Бұған дейін, наурыз айында Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа мен АҚШ қолдайтын сириялық демократиялық күштердің (СДК) қолбасшысы Мазлум Абди елдің біріктірілген қарулы күштерінің құрамына СДК-ны енгізу туралы келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Сирияның солтүстік-шығысындағы Ирак пен Түркия шекаралары арқылы өту, әуежайлар мен мұнай кен орындары орталық үкіметтің бақылауына өтеді.
Сондай-ақ ДАИШ-пен байланысы бар деп күдік келтірілген 9 мыңға жуық адам отырған түрмелерді Дамасктің бақылауына беру қарастырылған.
Бұл келісім Сирияда ұзақ уақыт бойы жалғасқан азаматтық соғыстың нәтижесінде пайда болған, бөлшектенген өңірлік құрылымдарды біріктіруде маңызды қадам болды. Алайда оны жүзеге асыру процесі баяу жүріп жатыр. Вашингтон бірінші кезекте түрмелерді бақылауға алу үшін қысым көрсетіп отыр.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Аль-Холь лагерінде шамамен 37 мың адам тұрады, олардың көбі ДАИШ өкілдерінің әйелдері мен балалары (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.), соның ішінде Сирия, Ирак және басқа да бірқатар елдің азаматтары бар. Лагерь онда отырғандардың адам төзгісіз жағдайы мен зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты сыналып келген болатын.
Human Rights Watch есебіне сәйкес, 2025 жылдың басындағы мәліметтер бойынша Аль-Холь мен Рож лагерлерінде шамамен 42 500 адам отыр, олардың 18 мыңға жуығы шетелдіктер, оның ішінде 60-тан астам елден келген әйелдер мен балалар бар.
АҚШ бірнеше жыл бойы шет мемлекеттерді Аль-Холь мен Рож лагерлерінен өз азаматтарын қайтаруға шақырып келеді. Ирак өз азаматтарының бір бөлігін қайтарды, алайда батыс елдерінің көпшілігі бұл іске асығар емес.
Қазақстан «Жусан» операциясы аясында (2019-2021 жылдар) Сирия мен Ирактан 754 азаматын қайтарды.
Бұған дейін БҰҰ өкілі «Жусан» арнайы операциясы әлем елдері үшін үлгі екенін айтқан болатын.