2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Күрес федерациясы төрағасы Маңғыстауда қаза тапқандардың отбасына 300 млн теңге бөлді

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов қолдау көрсетті.

Күрес федерациясы төрағасы Маңғыстауда қаза тапқандардың отбасына 300 млн теңге бөлді
Фото: Қазақстан күрес федерациясы

Еркін Оқасов қара жамылған отбасыларға жалпы сомасы 300 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталды.

— Бұл қайғы бәрімізге ортақ. Ел алдындағы міндетін атқарып жүрген азаматтарымыздан айырылдық. Қазір олардың отбасылары үшін өте ауыр кезең. Осындай кезде көңіл айтып қана қоймай, қолдан келгенше нақты қолдау көрсету маңызды деп есептеймін. Қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жәннатта болсын, — деді Еркін Оқасов.

Қазақстан күрес федерациясы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасатынын жеткізді.

Айта кетейік, 25 қыркүйек Қазақстанда Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты  Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.