Күрес: Париж Олимпиадасына жолдама қай қалаларда сарапқа салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күрес түрлерінен 2024 жылғы Париж Олимпиадасына берілетін жолдамалар сарапқа салынатын қалалар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2024 жылы Франция астанасы Париж қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын қалаларды атады.
Алғашқысы 16-24 қыркүйек аралығында Сербия астанасы Белградтағы әлем чемпионатында Олимпиада бағдарламасына кіретін әрбір салмақ бойынша 5 жолдама иесі анықталады.
Мұнда қола медаль жолында жеңілген екі палуан өзара күресіп, бесінші жолдамаға ие болады.
Іріктеу сатысындағы қалған екі кезең 2024 жылға жоспарланған. Азия құрлығының балуандары 9-21 сәуір аралығында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы іріктеу турнирінде сынға түседі.
Онда әр салмақта финалға шыққан 2 балуан жазда Парижге барады.
Ал Панамерика чемпионаты мен осы құрлықтағы іріктеу додасында балуандар Мексиканың Акапулько қаласында жиналса, Африка мен Тынық мұхиты аймағының елдері Мысыр астанасы Каирде боз кілемге шығады.
Сондай-ақ, еуропалық бозкілем шеберлері Әзірбайжан астанасы Бакуде жиналады. Әр құрлықтағы турнирге 36-квотадан бөлінген. Барлығы 144 жолдаманы құрайды.
Ал 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін шешуші кезеңде әлем балуандары әр салмақта қалған 3 жолдама үшін таласады. Нәтижесінде 54 жолдама иесі анықталады.
Айта кетсек, Олимпиада бағдарламасына 18 салмақ кіреді. Олардың қатарында грек-рим күресінен 60, 67, 77, 87, 97 келіге дейін және 130 келіден жоғары, еркін күрестен 57, 65, 74, 86, 97 және 125 келі салмақтағы балуандар сынға түседі. Әйелдер күресінде 50, 53, 57, 62, 68, 76 келі салмақтағы спортшылар жүлделерді сарапқа салады.
Еске салсақ, бұдан бұрын күрес түрлерінен рейтингілік турнирге кімдер баратыны анықталған еді.