Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының ойын кестесі жарияланды
Астана қаласында өтетін күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының ойын күнтізбесі жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Ел біріншілігі 1-5 ақпан аралығында ересектер арасында грек-рим, әйелдер және еркін күрестен өткізіледі.
Жарыс Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады.
1 ақпан. Грек-рим күресі - 55, 63, 72, 82 және 97 келі.
2 ақпан. Грек-рим күресі - 60, 67, 77, 87 және 130 келі.
3 ақпан - Әйелдер күресі - 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72 және 76 келі.
4 ақпан, Еркін күрес - 57, 65,74,86 және 92 келі.
5 ақпан. Еркін күрес - 61,70,79,97 және 125 келі.
Жарыстың салтанатты ашылуы - 1 ақпан елорда уақытымен сағат 17.30-да өткізіледі.
Жарыстың басталуы күн сайын сағат 10.30-ға белгіленген.
Жарыстың әр күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер күн сағат 18.00-да басталатын сайыс барысында анықталады.
Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды.
Ел біріншілігінің нәтижесіннен кейін Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Ыстанбұлда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандар есімі белгілі болмақ.
Федерацияның баспасөз маманы Аспандияр Есенжоловтың айтуынша, еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков пен грек-рим күресінен құрама мүшесі Нұрсұлтан Тұрсынов ел чемпионатынан босатылған.
Екеуі де Париж Олимпиадасына жолдама алуына байланысты дайындыққа кірісті.