Күрежолдағы керуен сарайлар жергілікті бизнестің дамуына ықпал етуде-баспасөзге шолу...

Облыстық ата басылымның шілде айының екінші жартысында қамтыған мақалалар тақырыбы да саналуан. «Биыл 60 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізіледі» мақалада журналист Сырдың бас қаласында осы уақытқа деін шешімін таппаған ыстық мәселесі туралы ой қозғайды.
...Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК облыс орталығындағы бірнеше көшелерде жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Қыстың қамын жазда ойлайтын мекеме желілерді жаңалауда «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігін көріп отыр.
Кеше Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандары БАҚ өкілдеріне «Қызылордажылуэлектрорталығының» қарамағындағы жеті нысанда жаңартылған және жаңғыртылған жылу жүйелерін назарға алып, кәсіпорынның маусымдық жұмыстарымен таныстырды.
Кәсіпорынның 1964 жылы іске қосылуына байланысты жылу желілері 45 жылдан астам уақыт пайдаланылуда. Сондықтан жабдықтар мен инженерлік жүйелер белгілі бір дәрежеде тозығы жетіп, жаңалау, қолдау, қайта жаңғырту және техникалық жарақтандыруды қажет етеді. Осыған орай кәсіпорын бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жылу жүйелерін қайта құру және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
Сала мамандары жылу тасымалдайтын құбырларға ерекше күтім керектігін айтады. Өйткені, жылу өз деңгейінде берілгенімен, оның тұрғын үйлерге жетпей жататын жағдайлары жиі кездеседі. Сол үшін 2008 жылдан бері жылу құбырларын қайта жаңартып, оның сыртын қаптауды бастаған. Алдағы екі жылдың көлемінде қаладағы барлық жылу құбырлары толықтай жаңартылатын болады. Биылдың өзінде Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда 5556 метр жердің құбырлары тамыздың ортасына дейін толық ауыстырылып, қолданысқа берілетін болады. 2014 жылдың өзінде 780 метр болатын жылу құбыры ауыстырылып, оған 66 млн теңге жұмсалған. Ал былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге қаржыға 14 нысанның жылу құбырлары жаңартылған.
Мекеме басшысы Өтеулі Ахметов: «Биыл облыс орталығындағы 6 мемлекеттік мекеме мен 60 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су барады. Ал, алдағы бесжылдықта қаламыздың әр үйінде ыстық су болады», - деді.
Айта кетейік, 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша жылумен қамту жұмыстарына 16,2 млрд. теңге инвестиция салу жоспарлануда. Бұл жұртшылыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында қолда бар активтерді жаңарту, негізгі құралдарды қалпына келтіру және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстарына жұмсалатын болады. Ал мекеменің өз қаржысы есебінен 802,5 млн. теңге, бюджеттік қаржы есебінен 165,1 млн теңге, қарыз қаражаты есебінен 15,3 млрд теңге, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 8,7 млрд теңге және ЕҚДБ-дан қарыз есебінен 6,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
Бүгінгі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жайлы газет тілшісі «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» атты мақалады өңірлік жобаларға қатысты жан-жақты талдау жасайды.
...Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты - дағдарысты еңсеруге жасалған басты қадам. Ол ел экономикасына ғана емес, әлеуметтік ахуалға да оң әсерін беріп келеді. Берік ұлттық қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің дамуы - бұл индустрияландырудың басты жетістіктері.
- Сыртқы факторлардың жағдайын терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін біз білдік. Сондықтан, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек, - деген болатын Елбасы Н.Назарбаев индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші жылын қорытындылаған сәтте.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының берген мәліметтеріне сәйкес, Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында Қызылорда облысында құны 387,7 млрд теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылып, оның нәтижесінде 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылуы күтілуде. Соның ішінде Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде құны 351 млрд теңгені құрайтын 49 жоба жүзеге асырылып, 4,7 мың жұмыс орны құрылады деп болжануда. Ал биылғы жоспар бойынша Өңірлік кәсіпкерлік картасы аясында инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 351 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 8 жобаны жүзеге асырылу жоспарланған. Бүгінде оның үшеуі іске қосылғанын атап өту қажет.
Оның біріншісі «Газ трейд» ЖШС-ның газбен жабдықтау станциясы. Қызылорда қаласында орналасқан, құны 300 млн теңгелік станция жылына 3,4 млн текше метр газ құюға қауқарлы. Ол биылғы наурыз айында іске қосылып, бүгінде 27 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Келесі іске асырылған жоба - «Retail A-A» ЖШС-ның нан және нан өнімдерін шығару кәсіпорны. Облыс орталығында ашылған, құны 30 млн теңгелік кәсіпорында 30 адам еңбек етуде. Мұнда жылына 564 тонна нан өнімдері шығарылады. Соңғы іске асырылған жоба Арал ауданындағы «Берекет» ШҚ-ның ет және ет өнімдерін өндіру цехы. Жоба құны 38,3 млн теңге. Осында жұмыспен қамтылған 9 адам цехтың жоба қуаты бойынша тұтынушыларға жылына 500 тонна ет пен 96 кг тұшпараны жөнелтіп тұруы тиіс.
Ал енді жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобаларға шолу жасап шығалық. ІІІ тоқсанда іске қосылуы жоспарланған «Аралтұз» АҚ ас тұзы өндірісі жобасының құны 1,3 млрд теңге. Жоба қуаттылығы жылына 108 тонна болса, жаңа жұмыс орындарының саны 200 адам. Сырдария ауданындағы «Дәулет» ЖК-ның «Кірпіш зауытын кеңейту» жобасы да үшінші тоқсанда жұмысын бастайды деп межеленіп отыр. Мұнда жылына 5,2 млн дана кірпіш шығарылатын болады және 17 адам жұмыспен қамтылады. Жобаға 12,1 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Жүзеге асырылатын келесі жоба да құрылыс бұйымдарын шығаруға арналған. Шиелі ауданындағы «KazChinNur» ЖШС-ның «Құрылыс бұйымдарын шығару зауытының құрылысы» жобасының құны 150 млн теңге. Осы қаржы күшімен іске қосылатын кәсіпорында 45 адам жылына 150 мың тонна құрылысқа қажетті бұйымдарды шығарып тұратын болады.
Жалағаш ауданында іске қосылуы тиіс келесі жоба «Сыр Арна» ЖШС-на тиесілі. Серіктестік күшімен «1000 басқа арналған қаз фермасы» құрылады. Жоба қуаты бойынша аталған фермада жылына 12,2 тонна қаз еті, 400 кг қаз мамығы, 300 кг қаз бауырын өндіру көзделуде. Жобаны жүзеге асыруға 31 млн теңге жұмсалатын болса, осында 8 адам еңбек етпек. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында ағымдағы жылдың соңында жүзеге асырылады деп межеленіп отырған соңғы жоба «Искер-М» ЖШС-ның мұздатылған аса тәтті жүгері өндірісі. Тәтті жүгері Қызылорда қаласында өндірілмек. Өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 120 тонна тәтті жүгері. 17,4 млн теңге қаржы жұмсалатын өндірісте жұмыс істейтін адам саны - 15.
Көріп отырғанымыздай, жобалар әртүрлі саланы қамтиды. Десе де, оның ішінде басым бөлігі азық-түлік, ет өнімдерін шығаруға бағытталғаны қуантады. Алайда, кәсіпкерлеріміздің агроөнеркәсіп саласында қомақты жобаларға тәуекел етуі әлі де болса төмен екенін мойындауымыз керек.
Құрылыс заттарын шығарудың арта түсуіне өңірде құрылыс жұмыстары көбеюінің, тұрғындардың баспаналарын жаңалауға бет бұруы, кәсіпкерлік нысандар қатары арта түсіп, құрылыс заттарына сұраныс көлемі өсуінің ықпалы болса керек. Құрылыс бұйымдарының сан алуан түрі бар. Солардың арасында жыл өткен сайын аймағымызда жасалып шыққандарының үлесі арта берсе дейміз. Қысқасы, қай салада болмасын жергілікті өнім көбейе бергені абзал. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы осындай жобалармен толыға бергенін қалаймыз.
«Күрежолдағы керуен сарайлар жергілікті бизнестің дамуына ықпал етуде» атты мақалада журналист «Батыс Еуропа -БатысҚытай» бойындағы қайнаған тіршіліктің туризм саласына оң әсерін әдемі жеткізе білген.
...ХХІ ғасырдың Ұлы Жібек жолы - «Батыс Еуропа -БатысҚытай» мегажобасының арқасында біздің облыста тіршіліктің қазаны қайнай түсті. Тіпті, Сыр өңірі кәсіпкерлерінің екіншітынысы ашылғандай. Транзиттік дәліз жергілікті тауарөндірушілердің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізуіменқатар, жол бойы бизнесінің дамуына мүмкіншілік туғызыпотыр. Еуропа мен Азия құрлықтарын байланыстырып жатқанжолда кәсіпкерлер сапалы қызмет көрсететін сервистікорталықтар ашып, табыс табуда. Нақтыласақ, күре жолдыңоблыс аумағына тиесілі бөлігінде жүріп келе жатқан жолаушыаялдап, тамақтанып, тыныстап, демалуына, көлігіне май құйдыртып, кем-кетік жерлерін жөндетіп алуына толық жағдай жасалып жатыр.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, облыс орталығы мен барлық жеті ауданның арасын жалғастырып жатқан жолдың бойында заманауи талаптарға сай келетін 33 сервистік қызмет көрсету нысанын іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы құны 3 млрд 307 млн теңге болатын 12 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 105 тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Арал ауданында - бір нысан, Қармақшыда - екі, Сырдарияда - екі, Шиеліде - бір, Қызылорда қаласында - екі және Жаңақорған ауданында 4 нысан жұмысын бастаған.
Жолдағы жетістіктер мұнымен шектелмейді. Халықаралық автожол арқылы біздің облыс үстінен күніне шамамен 500 ауыр жүк көлігі өтсе, биыл оның саны 800-ге барады. Көлік дәлізіндегі автокөліктер ағынының бұлай артуы өңірде шағын және орта бизнестің өрістеуіне серпін береді. Бұған қоса, облыс халқының 93 пайызы осы күре жолдың бойында қоныс тепкен.
Жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін орталық ашып, кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлердің бірі - Раушан Сейтжаппарова. Оның кешені Қызылорда қаласынан шығаберісте орналасқан. Мұнда 200 орындық кафе, 20 адамға арналған екіқабатты қонақ үй, техникалық қызмет көрсететін станса, сауна және ат спорты клубы бар.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл салада мол тәжірибе жинаған. Әкесі Амангелдінің Белкөл елді мекені маңындағы кафесінде ұзақ жылдар жұмыс істеген. Раушан отбасылық бизнестің өрісін кеңейтуді ойлап, жол бойы кешенін іске қосып отыр. Дәлірек айтсақ, 2015 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры кәсіпкерге несие қаражатын бөлген. Жобаның құны - 100 миллион теңге. Алдымен ТЖО, сауна бой түзеген. Ал қонақ үйдің бірінші қабатының құрылысы толық аяқталып, келушілерді қабылдап жатыр. Сондай-ақ, ат спорты клубының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, кешен аумағында екі киіз үй тігілген. Онда кірген қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылады.
- Жол мұраты - жету. Ал діттеген жеріңе шаршамай, қиындықсыз баруға көлік дәлізінің бойындағы мұндай кешендердің көмегі көп, - дейді Раушан Сейтжаппарова.
Кешеннің арқасында кәсіпкер өзі табысқа кенеліп қана қоймай, оннан астам адамға тұрақты жұмыс орнын тауып беріп отыр.
Сонымен қатар, транзиттік жолдағы осындай орталықтардың бірі - «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанында орналасқан «Атамұра» нысаны. Қорқыт ата мемориалдық кешенін тамашалауға келген қонақтар мен туристер үшін де бұл кешен қолайлы болып тұр. Қызмет көрсету нысандары ежелгі Жібек жолының шығыстық үлгісінде салынған. Кешен іске қосылғалы бері мұнда мыңдаған жолаушы аялдапты. Кәсіпкер Мұрат Тілеулиевтің айтуынша, мұнда қонақүй, мешіт, ас беретін орын, дүкен мен шеберхана, киіз үй қалашығы, техникалық қызмет көрсету орталығы бар.
Кәсіпкерлік және туризм барқармасының мәліметінше, Ұлы жолдың бойынан түрлі бағыттағы сервистік қызмет көрсету орталықтарын салу және ашу жұмысы жалғасын табады. Биыл жалпы құны 1 млрд 372 млн теңге болатын 5 нысанның құрылысы жүруде. Атап өтейік: Арал ауданы - құны 50 млн теңге болатын 1 жоба; Қазалы ауданы - құны 498 млн теңге болатын 1 жоба; Қармақшы ауданы - құны 424 млн теңге болатын 2 жоба; Шиелі ауданында құны 400 млн теңге құрайтын 1 жоба жүзеге асып жатыр.
2017 жылы жалпы құны 2 млрд 460 млн теңге болатын 12 нысанның құрылысын салу жоспарлануда.
Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізінің әлеуетін толық пайдалануы қажет.
Мемлекеттік қолдау аясында шаруасын дөңгелетіп отырған шаруашылықтар жайлы тілші «Фермерлерге пәрменді қолдау» атты мақалада бағдарламалардың тиімділігі туралы баяндайды.
...Елімізде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары қабылданып, халықтың төрт түлік мал өсіріп, игілігін көруіне жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларға жалағаштық шаруалар да белсене қатысуда.
Соңғы жылдары сапаға ынта қойған шаруашылық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және МІҚ малының аналығын асыл тұқымды мал ұрығымен қолдан ұрықтандыруға ден қойып отыр. Аудан көлемінде 2 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысса, биылғы жылы Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Сарғасқа жылқы» фермер қожалығы Батыс Қазақстан облысынан 60 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының қашарын әкелуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі күні «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 400 бас мүйізді ірі қара малының аналығы мен 14 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспары белгіленді. Қаракеткен ауылдық округінен «Әсел» шаруа қожалығы өз қаражатына 3 бас асыл тұқымды «Абердин ангус» бұқасын сатып әкеліп, 90 бас жергілікті аналық малымен бірдейлендіріп, ИАС (ақпараттық аналитикалық жүйе) жүйесіне тіркеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Ауыл» кредиттік серіктестігі арқылы «Иса Бақыт» жеке кәсіпкерлігі 3 млн теңге несие алып, 2 бас асыл тұқымды бұқа, 20 бас жергілікті аналық алуға жұмыс жасауда.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудан шаруалары жеңіл неиеге қол жеткізу мақсатында құжаттарын дайындап жатыр. Атап айтсақ, Мақпалкөл ауылдық округінен «Нұрбек» ШҚ 14 млн несиеге құжаттарын дайындауда. «Агронесие коорпорациясы» АҚ-дан Мырзабай ахун ауылдық округінен «Нұрлы арман» ШҚ басшысы Сүлеймен Әмір несие алуға құжат дайындауда. Мемлекеттің шарапатын көрген «Баят» ЖК 15 млн теңге несие алып, 5 бас асыл тұқымды бұқа мен 90 бас жергілікті аналық алуды жоспарлап отыр.
Былтыр 12 шаруашылықта «Құлан»бағдарламасымен қаржы институттары арқылы 112 млн теңге несие алынып, 47 бас айғыр мен 402 бас бие сатып алған болатын. Бүгінде олар алғашқы төлдерін алып, мал басын көбейтуге ден қойып отыр.
Егін және мал шаруашылығымен айналысатын аққұмдық «Бағдаулет-57» шаруа қожалығы биыл «Алтын асық» бағдарламасымен Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды 300 бас ірі қылшық жүнді құйрықты қойын және 15 бас қошқар алып, қой шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.
Биыл «Құлан» бағдарламасы бойынша ауданға 190 бас бие мен 13 бас асыл тұқымды айғыр, «Алтын асық» бағдарламасымен 450 бас қой мен 15 бас қошқар малын сатып алу жоспары облыстан белгіленіп отыр.
Бұдан бөлек, «Ауыл шаруашылығын қолдаудың қаржылық қоры» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ арқылы «Ырыс» сүтті мал шаруашылығындағы фермаларды дамытуды несиелендіру бағдарламасы қолға алынды. Несиені 14 пайыз жылдық мөлшермен (7% жылдық мөлшермен субсидиялауды ескеріп) 84 айлық мерзімге дейін алуға болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты қуаттылығы 50, 100, 200 басқа арналған сүтті-тауарлы фермаларды дамыту болып табылады.
Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік қолдау нәтижесінде фермерлердің қатары күрт көбейіп келеді.
«Ақботаныі шұбаты» атты мақала жеке шаруасын жолға қойған кәсіпкер жайында бір үзік сыр шертеді.
...Ерінбей еңбек еткеннің күні нұрлы екендігіне Қайрат Мұсабековтің әрекетінен байқар едіңіз. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» демекші, сонау кеңестік қоғамның дәуірлеп тұрған жылдары Жаңақорған ауданындағы «Красная звезда»совхозының озат түйекеші Мұсабековтің есімі биік мінберлерден жиі-жиі аталып жататын-ды. Сол әке жолын бұл күндері оның ұлдары жалғастырып келеді. Түйемен бірге төрт түлікті де қатар өргізіп, «үрлеп ішіп, шайқап төгіп» жақсы да, жайлы өмір сүргендердің қатарында.
Олар бірігіп «Ақбота» шаруа қожалығын құрып, мал басын жылдан жылға молайтып келеді. Біздің бүгінгі айтарымыз, «Ақбота» шаруа қожалығының төрағасы Қайраттың жұртшылыққа ұсынған жаңа қызметі жөнінде болмақ. «Жаңа» деп айдар таққанымызбен, түйе сауып, оның сүті мен шұбатын жұртшылыққа ұсынуы бұрыннан да бар, алайда, соңғы жылдары осы қызмет көрсету аясы бір жүйеге түсіп, Мұсабековтердің қымыранына құмартатындар Жаңақорған кентінің бергі жағындағы оның қыстауына жиі-жиі соғып, ағарғанды саудалап жатады. Біршет еді деп алыссынбай, 5-10 литрлеп алып кетушілер қатары мол. Тіпі той, жиын, тағы да басқа шараларға сусын ретінде халқымыздың ұлттық сусыны - шұбатты дастарханына қоятындар қатары молая түскендей. Өйткені осында сауылып күніге дайындалатын 70-80 литр шұбат сол күні-ақ, түгесіліп, ендігісіне жұртшылық тапсырыс беріп жатады.
- 30 сауын түйе күніге үш мезгіл сауылады. Бұл жұмысқа үлкен-кіші демей бала-шағамызбен түгел жұмыламыз. Дегенде, негізгі салмақ отанасы Жанарға түседі. Оған балаларымыз Мақсат пен Бекзат, келініміз Ардақ, менің өзім де араласып кетеміз. Мал шаруашылығы көп болып атқармаса, жеке кісіге қиындау, - дейді шаруашылықтың төрағасы Қайрат Мұсабеков бізбен әңгімесінде. Қымыранды сақтайтын арнайы бөлме, салқындатқыш ыдыс және басқа да керекті жабдықтармен қамтамасыз етілгендігіне осы сапар барысында көз жеткіздік.
«Ақбота» шаруа қожалығындағы жалпы түйенің басы 150-ден асса, оның ішіндегі аналығы 100 бас. Ұжым мүшелері қыстау басына ерте жаздан қажетті жемшөпті жиып, алдағы қысқа дайындықтарын бекем жүргізіп жатыр. Автокөлік, тракторлары, басқа да жабдықтары сай. Мал басын көбейту мен оны күтімге алу жолында табысты еңбек етіп жатыр.
«Жартыжылдықта жақсы нәтижелер бар» газет журнаисі облыс экономикасының алты айлығына шолу жасайды.
...Күллі әлем экономикасындағы жағдай бұрынғысынша күрделі күйінде қалып отырғанына қарамастан, Қазақстанда 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 0,1пайызды құрады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің отырысында республика Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеген еді.
Мәжілісте аталып өтілгеніндей, республика экономикасының негізгі салалары - өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс бойынша дамудың оңды серпіні байқалады. Аталған кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 8,5 пайызға ұлғайды. Инвестициялардың ең салмақты өсуі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында байқалып отыр.
Қазақстанның негізгі экспорты мұнай мен металл бағаларының төмендеуі салдарынан 2016 жылдың алғашқы бес айында экспорт көлемі 31 пайызға қысқарды. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 30 пайызға төмендеді. Сонымен бірге Қ.Бишімбаев сыртқы сауда сальдосы 4,5 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сақталғанын атап көрсетті.
Қазақстанда орташа номиналды жалақы 9,9 пайызға өсіп, 133,5 мың теңгені құрады. Инфляция үстіміздегі жылдың басынан бастап 4,6 пайызды құрап отыр.
Мәжілісте "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің едәуір өскені айтылды. Мемлекет қаражаты есебінен 262 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Ал жылдың соңына дейін қосымша 309 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығының қорытындысы бойынша облыс экономикасында бірқатар оңды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бірінші бесжылдықта іске асырылған Индустрияландыру картасының 17 жобасының 11-і толық қуатта іске қосылды. Мұнай саласынан бөлек өндірістің өсімі жалғасуда. Алты айда өңдеуші өндірістің өсімі салыстырмалы кезеңмен алғанда 123,3 пайызды құрады. Облыста шикізатқа деген тәуелділікті төмендету мақсатында металлургия мен басқа да өндірістік жобаларды дамыту жұмыстары жалғасуда. Шыны зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанға құрал-жабдықтар келе бастады. Облыста 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында алғашқы өнім шығарыла бастайды.
Аталған кезеңде облыста 220 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Осы жарты жылда 1,5 мыңға жуық отбасы баспана жағдайын жақсартты.
Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жуырда ғана облыста 6600 отбасы жеке үй құрылысы үшін жер учаскелерін алды.
Үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің түсім болжамы 24 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде жергілікті бюджеттің болжамы 27 пайызға артығымен орындалып отыр. Нәтижеде бюджеттің кіріс бөлігі 5,7 млрд теңгеге өсті. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттің меншікті кірістері өткен жылғы көрсеткішпен 4 млрд теңгеге артық немесе 38,7 млрд теңгеден 42,7 млрд теңгеге артып отыр.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен облысқа 82 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферттер мен несиелер тартылды. Бұл республика бойынша Алматы қаласы және Солтүстік Қазақстан облысынан кейінгі үшінші көрсеткіш.
«Мал баққанға бітеді» |
...Кәсібін ертерек бастағандардың бүгінде шаруалары жүріп тұр. Әсіресе, 2000 жылдардың басында мал шаруашылығымен айналысқандар қазір еңбектерінің тәтті дәмін татып отыр. Таза еңбектен татымды өнім алып отырған кәсіпкерлердің бірі - Сырдария ауданы Ақжарма ауылындағы "Мақсат" шаруа қожалығының директоры Қайрат Нұрсейтов. Аталмыш шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Оның 1593 гектар егістік, 634 гектар жайылымдық жері бар. - Бас-аяғы 200 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бүгінде 269 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 210 бас аналық, 7 бас қазақтың ақбас бұқалары бар. Біз ет-сүт бағытында жұмыс жасаймыз. "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 30 млн теңгедей несие алынды. Егін саласы бойынша айтатын болсақ, 1000 гектар күріш, 300 гектар жоңышқа, 150 гектар мақсары егілді. Сонымен бірге өзіміздің зауытымыз бар. Ол күніне 15 тонна ақкүріш ақтайды. Техникаларымызды жаңартып тұрамыз,- деді "Мақсат" шаруа қожалығы директорының орынбасары Ғани Ысқақов. Оның айтуынша, "Сыбаға" бағдарламасы шаруашылықты одан әрі дамытуға барынша тиімді болып отыр. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Қызылорда филиалы арқылы 7 жылға 6 пайыз өсіммен несие алған. Қазір шаруашылықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орайы келгенде айта кетейік, 2013 жылы шаруа қожалығы "Сыбаға" бағдарламасының екінші кезеңі бойынша Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы "Талап" шаруа қожалығынан барлығы 4 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа, 56 бас аналық сиыр сатып алған. Алдағы жылы мал басын 1500-ге дейін көбейту жоспарларында бар екенін де айтып қалды. Жайылымында мыңғырған малы бар екен дегенді бұрын біз ертегілерден ғана еститінбіз. "Мал баққанға бітеді" дейді. Бабы мен жайы болмаса, төрт түліктің де берекесі қашатыны рас. Біз барған Сырдария ауданында Шіркейлі деген елді мекен бар. Халқы бақуатты, барын берекелеріне айналдырып отырған жайлары бар. Осындағы "Ысамаддин" шаруа қожалығы он үш жылдан бері егін, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Мұнымен қоса, сапасы жоғары ет бағытындағы ірі қара малдарды бордақылау арқылы ет өнімдерін дайындаумен айналысады. Шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов өз қаржысы есебінен 40 млн теңгеге мал сою, бордақылау кешенін салып, оны 2013 жылы іске қосқан. - Ет өнімдерін қаладағы көптеген сауда орындарына сатылымға шығарып отырамын. Оның ішінде "Ажар сити", орталық базарлардың барлығына ет өнімдері тасымалданады. Жалпы, біраз сауда нүктелерімен келісімшарт бар. Сонымен қатар әлеуметтік дүкенім бар. Республика бойынша ең бірінші ашылған әлеуметтік дүкенді де етпен қамтамасыз етемін. Жұмысшылардың айлық жалақысы 40000-120000 теңге аралығында. Мәселен, малшыларымның айлығы - 120000, мал бордақылау кешеніндегі жұмысшылар- 80000, тракторшылар - 70000, ал өзгелері 40000-45000 теңге көлемінде айлық алады. Әйтпесе қазір ешкім азғантай айлыққа жұмыс істемейді. Еттің килограмы 900 теңгеден сатылады. Жемді сатып та аламыз, өзімізден де дайындаймыз. Жылына малға 200 тоннадай жем жұмсалады,- деді "Ысамаддин" ШҚ директоры Жанарбек Нұрымбетов. Ал 2014 жылы "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 20 млн теңге несие рәсімдеп, 150 аналық сиыр, 5 асыл тұқымды ақбас бұқасын сатып алып, тауарлы бағыттағы селекциялық жұмыс жүргізуде. Бүгінде "Ысамаддин" шаруа қожалығы өз қызметін жүзеге асыру барысында жұмыссыз азаматтарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді. ТҮЙІН. Төрт түлікті қазақ ежелден ырыс санайды. Кез келгеннің қорасына біте бермейтін болған соң да осылай түйіндеген болар. Мал расында мінсе - көлік, жесе - тамақ, ішсе - сусын, кисе - киім. Кәсіптің көзін іздегендер мал шаруашылығына ойланбай кірісуіне болады. Бабы болған мал төлдеп, еңбектің еселі нәтижесін береді. Тек тіршілікке талаптанып, тәуекелдің теңізінен өтсеңіз болғаны. |
Облыстан шығатын республикалық «Халық» газетіне шілде айының екінші жартысында шыққан мақалаларға шолу...
«Шен таққандар белдік тақпай жүр» атты мақалада тілші кейбір құқық қорғау орындары қызметкерлерінің өз міндеттеріне немқұрайлы қарайтынын сынға алады. |
Қытай мен МАИ қызметкерінің ұқсастығы неде, білесіз бе? Бұл сауалға ойланбастан жауап беретіндер көп қазір. Екеуі де тамақты таяқпен жейді ғой. Мырс ете қалған шығарсыз? Алайда әзіл болғанымен, ақиқаты осы. Өйткені, ардан аттап, заңды белшеден басатын, қара халықтың қалтасын қағып, қанын ішетін - солар. Таяқты бір сілтегенінің өзі жоқ дегенде екі мың теңге тұрады. Соны біз ғана емес, жол полициясы басшылары білмей отыр деймісіз?! Біледі. Білгенде қандай. Тіпті, жол сақшылары арам жолмен келген қыруар қаржыны бастықтармен бөліседі екен деген де әңгіме жүр жұрт арасында. Дәлелсіз сөз дәтке қуат бола алмасы анық. Бірақ бұл жағдайда ешкімге ештеңені түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Айтпаса да, түсінікті дүние емес пе? Жалпы, жол ережесіне қатысты түрлі пікір бар. Бірақ бірде-біреуі оңды емес. Жол сақшыларының өзі ережеге бағынбаса, қайдан оңды болсын. Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде қызылордалық полицейлердің көлікті белдік тақпай жүйткітіп жүретіні қызу талқыланды. МАИ қызметкерлерінің өзіне «фиксация» жасаған Оңғар Саймосаев есімді «facebook» қолданушысы парақшасына фото-суреттер (дәл осы суреттер-авт.) жариялады. Мұны көргендер жол патрульдік полицейлерін аяусыз сынады. Кейбірі заң заң болудан қалды деп ашынды. Ата заң хан мен қараға бірдей емес пе деп сауалын төтесінен жолдағандар да табылды. Сұрақты қойғанын қайтесіз, оған жөнді жауап болмаса? Облыстық Ішкі істер департаментінің мамандары тексерістер жүргізіліп, шара көрілетіндігін мәлімдеді. Бітті. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бірақ кез келген мекеме үшін «шара көріледі» деп мәселені жай жаба салу «сәнге» айналған бүгінде. Нақты қандай шаралар көрілді, кімдер жазықты болды? Мұндай ақпараттар айтылмайды. Тіпті, желі қолданушысына да жауап берілмепті. Өзің диуанасың, кімге пір боласың? Жүргізушілер шалыс басса, артынан қуып жүріп ұстап алып, айыппұл салатын жол полициясы қызметкерлерінің әрекеті осындай. Белдік тақпайды, пара алады. Иә. МАИ-лардың аузына «майшелпекті» ұсынып отырған жұртшылықтың өзі. Бірақ одан басқа амал қайсы? Айыппұл төлегенше, аз беріп құтылғанды құп көреді. Кейде тапа тал түсте шамын жағуды ұмытып кетсе яки бұрылу бағытын көрсетпесе, оны телефонмен сөйлесті деген арзандау айыппұлға ауыстырып алу жеңіл. Ондайда жол патрульдік полицейлерін «сүйіп» алғысы келетіндер көп. Десе де, заң қайда қалды сонда? Жол полициясы қызметкерлерінің бәрі сондай, бәрі пара алады деу әбестік болар. Дегенмен, ақша алмайды деу де дәл солай. Сөзден сөз шығады демекші, әңгіме сол суреттерден шығып отыр, негізі. Біз бұл жерде пара алушыны да, берушіні де, белдік тақпайтын жол сақшысын да, қарапайым жүргізушіні де бөле жарғымыз жоқ. Заңның алдында бәрі бірдей екендігін айтпақшымыз. Айтпақшы, сол белдіктің қаншалықты қауіпсіз екендігін білесіз бе? Бәлкім, оқыс оқиға бола қалса, көліктің жастықтары көмектеседі деп ойлайтын да шығарсыз. Егер ол ашылмай қалса ше? Сосын мамандар белдік тағудың тағы бір тиімді тұсын анықтаған екен. Яғни, көлік соқтығысқанда адам өзіне еге бола алмай қалады. Ал белдік тақса, сәл де болса бір орында отырады. Ұшып кетпейді дегеніміз. Ал автокөліктегі жастықтар мойын тұсын сақтауға арналатындығы тағы бар. Демек, белдік тағып бір орында қаласыз, екіншіден, жастық сізді дәл сол бағытқа қарай ығыстырады. Қатты күштен орныңызға қайта жайғасасыз. Жалпы, «сақтансаң, сақтаймын» деген. Мұны МАИ қызметкерлері беске білетін болар... |
«Теңге бағамы тағы түсті» атты мақалада ұллтық валюта теңге бағамының құлдырауына байланысты сарапшылар пікірлерін келтіре отырып өзіндік ой қорытады. |
...Үш-төрт күннің айналасында доллар өсіп, тағы даулы дабыраға қалдық. Биліктің өз есебі болғанымен, қарапайым қараша қымбатшылық үдей түсе ме деген қорқыныштан арыла алмай отыр. Кеше Елордадағы ақша айырбастау пунктерінде небәрі бір сағаттың ішінде доллар құны 348-349 теңгеден 355 теңгеге дейін көтерілген. Себебін сарапшылар мұнай бағасының төмендеуімен түсіндіреді. Алайда теңге құнының құлдырауы осымен тоқтап қалмайды. Мамандар әлі теңгеміз түседі деп отыр. Нарық не болмақ, халық халі ше? Былтыр нақ осы уақытта доллардың орташа бағамы 186,76, ал максимумдық бағамы 187,45 болған. Бір жылдан соң доллардың орташа бағамы 339,74-тен 350,20-ға көтеріліп отыр. Былтыр мен биылдың айырмашылығы жер мен көктей. Ұлттық банк бұған не дейді? Қазақстанда 2015 жылдың тамыз айынан бастап теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамының тәртібі енгізілген. Соған сәйкес теңгенің айырбас бағамы бірқатар факторлар, солардың ішінде мұнай бағасы мен саудалық әріптес елдердің валюталарының бағамына сәйкес құбылып отырады. Ұлттық банкі монетарлық операциялар және активтерді басқару департаменті директорының орынбасары Ә.Мұхамеджанов осылай деп түсіндіргендей болды. - Соңғы кезде рубльдің серпіні мұнай бағасының өзгеруіне сезімталдықтың төмендегенін көрсетті. Соған қарамастан, рубльдің АҚШ долларына қатысты құны мұнай бағасының құлдырауы аясында төмендеді,-дейді Ә.Мұхамеджанов. ҚР ҰБ деректері бойынша, 2016 жылғы бес ай ішінде теңгенің Ресей рубліне қатысты әлсіреуі нақты көрсетуде (нақты айырбастау бағамы) 4,8 пайызды құраса, ал 2014 жылдың басынан бастап 2016 жылдың мамыры аралығында 6,7 пайызға әлсіреді. Қымбатшылыққа қазір елдің де еті үйреніп қалды. Доллар бағасы шарықтады дегеннен жұртта нарықты болжағыш қасиет өздігінен пайда болады. Жыл басталғалы азық-түлік, киім-кешек, тіпті қаладағы қоғамдық көлікте жүріп-тұрудың бағасы да біраз жерге барып қалды. Қарашаның қысылатын тұсы да - осы. Аз ғана айлық жалақы күрмеуге келмей қиналады. Ал белгілі нарық сарапшысы, «Асыл инвест» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Н.Рахымбаев теңге алдағы уақытта да құнсызданады деп "қорқытып" отыр. - Халыққа жинаған ақшасын басқа валютаға ауыстыр, ауыстырма деп ұсыныс айту өте қиын. Әрине, теңге бұдан ары қарай да құнсыздана береді деген қауіп бар. Бірақ, ешкім де, мен де ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Дегенмен, эмоцияға беріліп, ақшаны айырбастамай тұра тұрған жөн болар, - дейді ол. Айтпақшы, халық арасында ортақ бір пікір қалыптасқан. Доллар бағамы көтерілді дегенде, жаппай қолдарындағы қаржыларын долларға ауыстырып қоюды тәуір көреді. Асылында, қазақстандықтар үшін айналымдағы ұлттық валютамен сақтаған әлдеқайда тиімді. Мұны отандық сарапшылар айтып отыр. Ал доллар тек импорт пен экспорттық тауарлар саудасымен айналысатындар үшін тиімді. ICE биржасының мәліметінше, қыркүйектегі фьючерстердің Brent маркалы солтүстіктеңіз мұнай қоспасының құны барреліне 44,52 доллар болып отыр. Ал биржадағы саудада доллар бағамы Қазақстан ұлттық банкінің 25 шілдеде белгілеген ресми бағамынан 2 теңге 21 тиынға қымбат. ТҮЙІН. Өткен жылы тамызда Қазақстан билігі теңге бағамын белгіленген шекте ұстап тұру саясатынан бас тартып, теңгені еркін айналымға жіберген. Содан бері теңге долларға шаққандағы бағамының шамамен 86 пайызына құлдырады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев биыл ұлттық банк теңге бағамына ықпал етпейтінін, биржадағы саудаға мүлдем араласпайтынын және айырбас бағамы бойынша болжам жасамайтынын бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ, берілген уәде желге ұшты ма, қалай? |
«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» тілші еліміздің сыртқы қарызы туралы өзіндік ой қорытындыларын, мамандар пікірлерін ортаға салады. |
|
|||
...«Итке бір сүйек қарыз». Өкінішке орай қазір Қазақстанның 114 мемлекетке берешегі бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сыртқы қарыз 153,5 миллиард доллар болған еді. Ал наурыз айында 154 миллиард долларға жеткен. Қамшы порталының хабарлауынша бұл қарыз күн сайын 5,8 миллион долларға өсіп отыр. Сұқтанасың ба, сүйсінесің бе, іргелес отырған алашапанды ағайынның бірде-бір мемлекетке қарызы жоқ. Ал ТМД-да теңдесі жоқ тың идеяларды туындататын талантты халық көрінгенге кіріптар. Тіптен халқы мыңға да жетпейтін Ватиканға да берешек. Ал Голландияға жалпы сомасы - 43,7 (жалпы қарыздың 27 пайызы), Ұлыбританияға - 26 (жалпы қарыздың 16,8 пайызы), Қытайға 18 (жалпы қарыздың 8,8 пайызы) миллиард доллар қарыз. |
|||
«Мия зауыты қайта іске қосылуы мүмкін» |
...Облыста өндіріс орындарының саны артып, жұмыссыздардың қатары кеміп келеді. Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы осылай дейді. Жыл басталғалы индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында аймақта іске қосылған жобалардың 13-і тұрақты өнім шығаруда. Алайда құны 2 млрд теңгеден асатын мия зауыты жұмысының тоқтап тұрғаны көпшіліктің көңілінде күдік туғызды. Әйтпесе аталмыш инвестициялық жоба аясында біраз адам тұрақты жұмыспен қамтылу көзделіп отыр еді. Зауыт жұмысының тоқтау себебін Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереевтің өз аузынан естігенді жөн көрдік. - Мия зауытын іске қосу үшін облыстық, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Негізінен зауыттың жұмысы «БИС-Групп» серіктестігі мен «Борихунда» Қытай сауда компаниясының екіжақты келісімімен жүргізілген болатын. Қазіргі таңда екі компания арасында акцияларының бақылау пакетін бөлу бағытында сот процесі жүргізілуде. Осы мәселе шешілген соң зауыт қайтадан жұмысын бастауы мүмкін. Бірақ біз барынша осы мәселені біржақты етуге тырысып, мүмкіндігінше қайтадан іске қосуға талпынып жатырмыз,- деді Р.Сұлтангереев жергілікті БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында. Шыны зауыты келесі жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы біз осыған дейін де басылым бетінде жариялаған болатынбыз. Бұдан бөлек, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 387,7 млрд теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылып, оның аясында 5 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Биыл өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Оның 3-еуі (газбен жабдықтау станциясы, нан өнімдерінің өндірісі, ет өнімдерінің өндірісі) қазір жұмыс жасап тұр. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы бағаларда 288,4 млрд теңгеге орындалып, нақты көлем индексі былтырғымен салыстырып қарағанда 9,2 пайызға кеміген. Бұған аймақ өнеркәсібінің негізгі бөлігін құрайтын шикі мұнай өндіру көлемінің жылдан-жылға азаюы себеп болып отыр. Мұнай өндірісі саласының төмендеуіне қарамастан индустриялық карта аясында іске қосылған жобалар мен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорындар қарқынды жұмыс жасап келеді. ТҮЙІН. Биылғы алғашқы жартыжылдықта жалпы өнеркәсіптегі өңдеу өнеркәсібі үлесі 20,1 пайызды құраса, жан басына шаққандағы еңбек өнімділігі 7,8 мың АҚШ долларға жетіп отыр. Бір қарағанда мұның өзі облыс үшін төмен көрсеткіш емес. Аймақ басшысы "дағдарысты еңсеріп, еңселі ел болу үшін өндіріс орындарының санын арттыру қажет" дегенді үнемі тілге тиек етеді. Демек, бұдан аймақта мақсаттың үдесінен шығуға үлкен қадамдар жасалып жатқандығын анық байқауымызға болады. |
«Түн ішіндегі тылсым құбылыс» |
...Әжептәуір қызметінен қысқарып қалған Сағындық үйде құр отырғанша тіршілік етейін деп жан-жақтан жұмыс іздей бастады. Жары Әмина да бала тәрбиесімен үйде отырып қалғанына біраз уақыт болды. Қос құлыншағы әлі кішкентай. Қос қолға бір күрек таппаса, тұрмыстары тұралап қалатын түрі бар. Жақын ағайындарының бірінен қаладағы мектептердің біріне қарауыл қажет екендігін естіген. Несібесіне орай, айы оңынан туып, қарауыл қызметіне орналаса кетті. Мектеп басшысы осы күнге дейін бұл жерде бірнеше қарауыл жұмыс жасап, шығып кеткенін ескертті. Бірақ, оның себебін айтқан жоқ. "Уақытша осында жұмыс жасай тұрайын" деп ойлады. Жаңа жұмысына үйренемін дегенше Сағындық ондағы қызметкерлердің барлығымен етене жақын араласып кетті. Адам баласын жат көрмей, елгезектігімен ерекшеленген Сағындыққа кей қызметкерлер "бірақ, мұнда жұмысқа бекер орналастың" деп айтып қалып жатты. Себебін сұрағанда "бұл мектепте әлдебір тылсым күш тыныштық бермейді" деп жауап берген. Мектепке осыған дейін бірнеше мәрте қонған Сағындық ешқандай құбылысқа куә болмаған еді. Сондықтан айналасындағылардың айтқандарын да елеген жоқ. Күн ұясына батып, мектептегілердің барлығы үйлеріне қайтқан. Әдеттегідей Сағындық жұмыста жалғыз өзі қалды. Үйден шығарда келіншегі тамағын дәмді етіп жасап, ауқатын дайындап жіберген. Аз-кем тамақтанып алайын деп ойлаған Сағындықтың құлақ тұсынан кенет әлдекім түсініксіз сыбдыр сөз айтып қалғандай болды. Мүмкін, өзіме солай естілген болуы керек деп ойлаған ол мән берген жоқ. Араға бір-екі минут салып тағы да әлгі сыбыр қайтадан естілді. Қолындағы асын жерге апыл-ғұпыл қоя салып, ол дереу өзіне жақын жерлердің жарықшамдарын жақты. Сөйтті де "кім бұл?" деп бірнеше мәрте қайталап айқайлады. Ешкім үн қатқан жоқ. Манағы түсініксіз жайттан жүрегі шайлығып қалған Сағындық өзінің ұжымдастары айтқан оқиғаларды есіне алды. Бірақ, іштей "ештеңе бола қоймас" деп жата берді. Сол-ақ екен өзі жатқан бөлменің есігі өзінен-өзі ашылып, Сағындықтың көзіне адам деуге келмейтін белгісіз бейне қақ алдына келіп тұра қалды. Тұрайын десе жатқан кереуетінің алдында құдды бір көрінбейтін қабырға тұрғандай тырп ете алмады. Содан соң әлгі құбыжыққа ұқсас бейне Сағындықтың көзінің алдын түк көрместей етіп тұмандатып жіберді де ғайып болып кетті. Таңды көз ілмей қорқынышпен атырған Сағындық дереу мектептің басшылығына кіріп, болған жайды баяндайды. Содан соң бұдан ары қарай мұнда жұмыс жасай алмайтындығын айтып, шығып кетеді. Арада бірнеше ай уақыт өтеді. Сағындық бұл кезде өзінің мамандығы бойынша тәп-тәуір қызметке орналасып алған еді. Алайда баяғы өзі жұмыс жасаған мектепте болған оқиға мүлдем есінен кетпей қояды. Өткен түні терге малшынып, ұйықтай алмады. Есіне оны түсірмес үшін ойын әлдебір оқиғаларға бөліп, ұмытып кеткісі келген. Онысынан түк шықпады. Көз алдында әлгі тылсым бейне келіп тұра берді. Тіпті түсіне кіретінді шығарды. Түсінде әлгі бейне "мектепке қарай күн ұясына батқанда кел" деп шақыра берді. Жұмыстан шыққан соң Сағындық көлігінің бағытын бұрын өзі жұмыс істеген мектепке қарай бұрды. Есігінде тас құлып тұрған соң көше бетіндегі қоршаудан қарғып түсіп, терезе арқылы мектептің ішіне енді. Содан соң қатты дауыспен айқайлап: - Мен келіп тұрмын, шақыруыңның себебін айт!- дейді Сағындық. Сол мезетте жарық өзінен-өзі жағылып, баяғы өзімен бетпе-бет кездескен бейнесі келді. - Осыған дейінгі мектеп қарауылдарының өліміне мен себепші болғанмын. Бірақ, олардың барлығын адамдар белгісіз күйде өліп жатыр деп ойлайды. Саған да өлім менен келу керек болатын. Бірақ, мен сен арқылы адамдарға әлдебір сырдың құпиясын ашамын. Бұл мектептің орнында бұрын бүтін бір отбасы өрттен қаза болған. Оларды ешбір туысқандары жерлемей, топырақ астында қалып қойған. Егерде адамдар олардың сүйегін алып, қайта жерлеу рәсімін жасамаса, мұндағылардың жағдайы тым қиындап кетуі мүмкін,- деп ғайып болады. Жүрегі аузына тығылған Сағындық таң атар-атпастан мектеп басшылығына кіріп, оқиғаны баяндайды. Артынша сол орынға қан шығарылып, рәсім жасалады. Кейіннен ол білім ордасы өзге жерге ауыстырылады. Содан кейін сол бір тылсым бейне Сағындықтың түсіне мүлдем кірген жоқ. |
Шалғай ауылда «Тәуелсіздік аллеясы» ашылды
...Шалғайдағы шағын ауылдың өз «Бәйтерегі» бар. Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент елді мекенінде «Астана-Бәйтерек» монументінің шағын көшірмесі салынды.
Елорданың айшықты нышаны іспетті нысанның мұндағы биіктігі - 13,5 метр. Ел Егемендігінің 25 жылдығына орай бой көтерген «Бәйтерек» қазір бүкіл ауданның мақтанышына айналып отыр. Ширек ғасырлық мерейтойға арналып «Тәуелсіздік аллеясы» ашылып, орталық көшелер абаттандырылды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында №168 Исатай Әбдікәрімов атындағы орта мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Мұхтар Бұрханов, Қожакент ауылдық округ тұрғыны:
- Мемлекеттің 25 жылдығына орай үлкен нысандар ашылып жатыр. Біз үшін өте қуанышты. Орталықта тұрған көшемізге, «Тәуелсіздік аллеясына», «Бәйтерекке» ауыл тұрғындары кешке жақын демалып, тыныстап қайтады. Еліміз жасыл желекке бөленіп келе жатыр.
Ермек Икрамов, Қожакент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Осы жылдың соңына дейін бізде балалар ойын алаңын салу жоспарланған. Жергілікті қоғамдастық кеңестің шешімі бойынша жергілікті халықтан түскен салық осы балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңын салуға және ауылдың арғы бетіне су өткізу - сол мақсатқа жұмсалады деп жоспарлануда.