Құрық портында қуаты 1 миллион тонналық астық терминалының құрылысы аяқталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда Құрық портында салынып жатқан астық терминалының құрылысы аяқталып, қондырғылар сынақтан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан өңірінің бидайы қабылданып жатыр. Жоспар бойынша алғашқы астық қазан айының соңында жөнелтіледі.

Құрық порты – Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа жолы ретінде танылған. Биылдың өзінде «Орта дәліз» бағыты бойынша 1 млн 600 мың тонна жүк өңделіп, жөнелтілді. Порт басшылығының айтуынша, соңғы жылдарда вагонмен тасымалданатын жүктерге қоса, автокөлік тасымалы артқан. Нәтижесінде былтыр Құрық порты 2 млн тоннадан аса жүк өңдеп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.

«Солтүстік пен Оңтүстік дәліздерге қарағанда қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Жылдан-жылға көлік айналымы да өсіп жатыр. Осы 2024 жылы бүгінгі таңда 18 мың көлік өңдеп, қабылдап, жіберіп тастадық», - дейді Құрық порты бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Бақыткерей Әлібеков.
«Орта дәліз» Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тармағы болып есептеледі. Ол арқылы Қытай, Орта Азия елдерінен шыққан жүк Құрық және Ақтау порттарымен Азербайжан, Грузия, Түркия одан әрі Еуропа елдеріне жеткізіледі. Құрық порты осы бағыт бойынша 2017-жылдан бері 10 миллион тоннадан астам жүк өткізген.

«Биыл жүк тасымалын 2 млн 300 мың тонна дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде соның 1 миллион 600 мың тоннасы өңделіп, жөнелтілді. Алда әлі 2 айдан аса уақыт бар. Астық терминалы жылына 1 миллион тонна бидай өңдейді. Оған қоса, біз үшінші айлақты генералдық жүктер қабылдайтын айлаққа айналдыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол тағы 500 мың тонна жүк өткізуге ықпал етеді», - дейді Құрық порты бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Бақыткерей Әлібеков.
Бұған дейін, Маңғыстауда Бейнеу-Тәжен тас жолында 6 шетелдік азаматтың қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.